Өңірлерде вирусқа қарсы сақтық шаралары күшейді

13.03.2020

Еліміздің барлық өңірлерінде сақтық шаралары күшейді. Адамдар көп баратын жерлер жаппай дезинфекцияланып жатыр. Індет анықталған жағдайда дәрігерлер көмек көрсетуге әзір.

Көкшетаудағы теміржол вокзалында әрбір поезд келген соң жіті тазалануда. Соңғы үш айда шетелде болған 1700 адам тексеріліп, екеуі қазір дәрігерлер бақылауында. Маска жеткілікті. Керек болған жағдайда Көкшетаудағы кәсіпорындардың бірі бетперде өндірісін қолға алуға әзір.

Ал, Ақтөбеде жұқпалы аурулар ауруханасында қосымша кереуеттер дайындалды. Вирус жұқтырғандар анықталған жағдайда, байланыста болған адамдарды орналастыратын 500 орын әзір тұр.

Павлодардағы дәріханаларда медициналық маска еркін сатылып жатыр. Бағаны тұрақты ұстау үшін және маскалар алыпсатарлардың қолына түспеуі үшін бақылау күшейді. Жергілікті кәсіпорын күніне 5 мың бетперде тігеді.

Ал, Түркістан облысында Өзбекстан шекарасындағы бес кеден бекетіне 25 дәрігер бекітілді. Індетті жұқтырғандар анықталса, 100 орындық абсервациялық, провизорлық 2 орталық дайын. Осы күнге дейін Қытай, Иран, Оңтүстік Кореядан оралған 48 түркістандық 14 күнге каратинге жабылып, оның 26- ы үйіне жіберілді.

Ермек ЕЛБЕРГЕН


Хабарламаларға жазылу