Түркістанда қоғамдық тәртіп күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда қоғамдық тәртіп күшейтілді

12.06.2019

Түркістанда қоғамдық тәртіп күшейтілді. Облыс орталығында көшелер мен алаңдар, базар маңы толық бақылауға алынды. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда қызара бөртіп, ішімдік ішкен, ретсіз сауда-саттықпен айналысқан, кішігірім бұзақылық жасаған 500-ге тарта адам жауапкершілікке тартылған. Бір қызығы, ең көп тәртіп бұзатындар жаяу жүргіншілер екен. Соңғы бес айдың өзінде 1100 адамға жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін айыппұл салыныпты.

 

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

Бұл базар маңы. Көріп тұрғандарыңыздай, тұрғындар жолды кез келген жерден кесіп өтуге дағдыланған. Алайда, таяқ тастам жерде жаяу жүргіншілер жолағы тұр.

 

Жақын тұрған жолаққа жетуге еріне ме? Әлде ережеге енжар қарайтын ескі әдет пе?

 

Көліктердің алдынан кесе-көлденең өтіп, өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіретіндерді тезге салу үшін тәртіп сақшылары торуылға шықты.

 

Бақдәулет Әуелбеков, қалалық жергілікті Полиция қызметінің бастығы:

ҚР Әкімшілік кодексінің 602-бап І тармағы бойынша 1-ші рет 2 АЕК, сол әрекетін бір жыл ішінде екінші рет қайталасы, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Бір қателікті екінші рет қайталаған мына жігіт енді құр ескертумен құтылмайды.

 

Ал «Смарт Түркістан» жобасы авторларының бірі Сұлтан Сембиев  жаяуларға арналған жолақтардың жетіспейтінін, жол белгілерін қоярда тұрғындармен санасу керегін айтады. Мысалы, Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 845 шақырым болатын 875 ірілі-ұсақты көше бар екен. Ал, ондағы жаяу жүргіншілер өткелі 80-ге де жетпейді.

 

Сұлтан Сембиев, облыстық цифрландыру орталығының директоры:

Жаяу жүргінші неге өз жолымен жүрмейді?! Біз соны зерттеп, осындай жерлерді өзіміз анықтап қоямыз.

 

Ең қызығы, ол жай ғана жолақ емес, жарық шашып жанатын, тұрғындарға менмұндалап тұратын, пианино секілді музыка ойнайтын ерекшелігі болмақ.

 

Жобалық кеңседегілердің қиялы шексіз. «Ақылды» бағдаршам, «ақылды» аялдама, «ақылды» жолақ, «ақылды» транспорт ендіргенше асық.

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу