Бүгін - Әлихан Бөкейханның туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Әлихан Бөкейханның туған күні

05.03.2020
Бүгін - Әлихан Бөкейханның туған күні

«Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 154 жыл толды.

Әлихан Бөкейхан 1866 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында (бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы) дүниеге келген. Әкесі Нұрмұхамет Әлиханды 9 жасында молдаға оқуға беріп, кейін мектепте білім алады. Бұдан соң Қарқаралыдағы үш жылдық училищеге түсіп, үздік бітіріп шығады. Осылайша 16 жасында Омбының техникалық училищесіне түсіп, 20 жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының шәкіртақысына ие болған ол Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына түскен. Сабақпен қатар, саяси, әдеби, экономикалық үйірмелерге атсалысып, студенттік шерулерге қатысқан.

Әлихан Бөкейхан – даңқты қоғам және мемлекет қайраткері. Оның бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскерін жасақтады. 

Әлихан Бөкейхан - миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. Алайда большевиктердің езгісіндегі өзге ұлттармен бірге қазақтар да ХХ ғасырдың басында өз тәуелсіздігін ала алған жоқ. Қызыл террормен билік басына келген большевиктер қазаққа тағы да 70 жыл бодандықтың қамытын кигізді. 

1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан тұтқындалып, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кесілді.

Әлихан Бөкейхан туралы деректер:

Ата тегі – Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы – атақты Сұлтан Барақ. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед. 

Әлихан Бөкейхан Яков Севостьяновтың қызы Ольгаға үйленген. 1903 жылы қызы Елизавета, ал 1910 жылы ұлы Өкітай (кей деректерде Үкітай, құжат бойынша оның аты-жөні Сергей Александрович Бөкейханов екен) дүниеге келеді. Бөкейхановтың қызы Смағұл Сәдуақасовқа күйеуге шыққан. 1957 жылы ұлы Өкітай жұмбақ жағдайда өмірден озған.

1905 жылдан бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі болады. Осы жылы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жақып Ақбаевпен бірге Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болды. Петицияға 14 500 адам қол қойған.

1905 жылдың күз айында Әлихан Бөкейхан Семей облысы қазақтарының атынан Ресей патшалығына 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланады. Алайда ол дума жұмысына қатыса алмады. Себебі дала өлкесінің генерал-губернаторының негізсіз айыптауымен 3 ай Павлодар абақтасына жабылады.

Абақтыдан шыққан ол сол кезде тарап кеткен дума мүшелерінің артынан Финляндияның Выборг қаласына келеді. Выборг үндеуіне қол қояды. Сол үшін жазаланып, 3 айға Семей түрмесіне жабылады.

Әлихан Бөкейхановтың мұрасы әр салаға арналған мыңдаған очерктер мен мақалалардан тұрады. Олар Ресей мен қазақ елінің барлық басылымдарында жарық көрді. Зерттеуші ғалымның, көрнекті публицист Әлиханның экономика, әдебиеттану, ормантану, ауылшаруашылық салаларына арналған көптеген жазбалары сақталған.

1917 жылы Әлихан қазақ тарихындағы алғашқы саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі, артынша желтоқсан айында Алаш автономиясын жариялайды. Оның үкіметі болып Алашорда құрылады. Қазақ даласындағы тұңғыш үкіметтің төрағасы болып Әлихан Бөкейхан тағайындалады.

1920 жылы Алаш автономиясы тарайды да оның мүшелері қудаланады. Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылып, осында 10 жыл бойы үй қамақта отырады. Осы жылдары ол ғылыми жұмыспен көп айналысады. Алайда жала жабылып, үстінен жалған іс жүргізіліп, Бутырка абақтысына тоғытылады.

Әлихан Бөкейхан 1937 жылы Мәскеуде ату жазасына кесіледі. Әлиханның қабірнің қайда екені жайлы мағлұмат тек 2007 жылы жария етілді. Оның есімі 1989 жылы ақталды.

e-history.kz inform.kz

Хабарламаларға жазылу