Бүгін - Әлихан Бөкейханның туғанына 152 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Әлихан Бөкейханның туғанына 152 жыл

05.03.2018

Бүгін «Алаш орда» автономиясының төрағасы, қоғам қайраткері, публицист, ел болашағы үшін еңбек етіп, репрессия құрбаны болған Әлихан Бөкейханның дүние есігін ашқан күні. Қазақтың жоғын жоқтаған Әлихан Бөкейхан бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысында туған.

Әкесі Нұрмұхамед Әлиханды тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Жиырма жасында ол Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына түскен.

Әлихан Бөкейхан мен оның сенімді серіктерінің бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскері жасақталды. Әлихан Бөкейхан миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. ХХ ғасырдың басынан бастап Алашорда үкіметі тарағанға дейін ол ұлт мүддесі жолындағы күрестің бел ортасында жүрді.

1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан тұтқындалып, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі.

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу