Коронавирус Грузияға да жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус Грузияға да жетті

27.02.2020

Өткен тәулікте COVID-19 вирусын жұқтыру қарқыны жағынан Оңтүстік корея Қытайдан озып кетті. Бір күнде індетті жұқтырғандар саны көрші елмен салыстырғанда 72 адамға артық болып шықты. Осыған байланысты дүниежүзінде пандемияға әзірлік күшейді. Ал Сауд Арабиясы шетелдіктер үшін умра қажылығын тоқтатып отыр. Жалпы алғанда, коронавирус әлемнің 40-қа жуық елі мен аймағына жетіп, оған 82 мыңдай адам шалдығып, 2800-ге жуығы қайтыс болған.

Коронавирус Грузияға да жетті. Елдің денсаулық сақтау министрі Екатерина Тикарадзенің мәлімдеуінше, жергілікті тұрғын емі жоқ дертке Иранға барғанда шалдығып, елге Әзербайжан арқылы оралған. Ал Оңтүстік Корея коронавирус жұқтырудан Қытайды басып озды.

Ал, Италияда жаңа инфекция 453 тұрғыннан табылды. 12 адам о дүниелік болса, үшеуі ғана емделіп шыққан. Сонымен қатар, коронавирус диагнозы Пәкістанда, Швецияда, Норвегияда, Румынияда, Солтүстік Македонияда алғаш рет қойылып отыр. Францияда бұл вирустан екінші адам қайтыс болса, Германия эпидемияға жетіп қалғанын мәлімдеп отыр.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу