Коронавирус Тәжікстанға да жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус Тәжікстанға да жетті

30.04.2020

Коронавирус жұқпалы індет анықталмаған санаулы елдердің бірі — Тәжікстанға да жетті. Елде ауруға шалдыққан 15 науқас тіркелді. Әлемнің бір бөлігі вируспен күресуді енді бастаса, екіншісі пандемия зардабын жоюға кірісті. Карантин салдарынан жаханда 2 миллиардтай адам табысынан айырылған. Оқшаулау режимі аяқталған соң, миллиондаған жұмыс орны қысқаруы мүмкін.

Жер шарының 2 миллиард тұрғыны келісімшартсыз нәпақасын табуда. Яғни олардың еңбек құқығы құжат жүзінде қорғалмаған.

Жұмыс берушілердің де жағдайы мәз емес. Еңбек ұйымының хабарлауынша, вирус кесірінен дүниежүзінде 436 миллион кәсіпорынның банкротқа ұшырау қаупі бар.

Бұл – пандемия салдарының бір көрінісі. Оңтүстік Африкада табысынан айрылған халық тегін азық-түлік алу үшін 4 шақырымға созылған кезекте тұруға мәжбүр.

Карантин зардабын Америка да тартып отыр. Алпауыт елдің ішкі өнімі жыл басынан бері 4,8 пайызға қысқарған. Бір айда 26 миллион адам жұмыссыз қалды.

Ұлыбритания да экономиканың құлдырауына қатты алаңдайды. Біріккен Корольдік вирус құрбандарының саны бойынша Еуропада екінші орынға шықты. Сондықтан ел билігі карантин талаптарын әзірге жеңілдетпейді.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу