Идлибтегі шабуылдан 700 мың бейбіт тұрғын қашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Идлибтегі шабуылдан 700 мың бейбіт тұрғын қашты

12.02.2020

Ресейдің қолдауымен Сирия әскері содырлар қарамағындағы Идлиб провинциясына авиациялық соққыларды күшейтті. Соның нәтижесінде, үкімет күштері 4 ірі қаланы байланыстыратын, стратегиялық маңызы бар М5 Дамаск-Алеппо тас жолын өз бақылауына алды.  

Соңғы күндері шабуылдардың өршуіне байланысты, мыңдаған адам босып кетті. Олар Түркия шекарасына өтуі мүмкін. Айта кетсек, Анкара бұған дейін 4 миллионға жуық сириялықты қабылдағаны белгілі.

Жалпы алғанда, қанды қырғыннан желтоқсаннан бері 700 мың бейбіт тұрғын үйлерін тастап кеткен. Олардың мәселесі мемлекеттер арасындағы дағдарысты тіпті ушықтыруы мүмкін.

Дамаск пен Мәскеу оппозицияның қолындағы соңғы провинция – Идлибке қарсы шабуылдарды тоқтатпаса, Түркия Сирия армиясы мен оның одақтастарына қарудың күшімен тойтарыс беретінін ескертіп отыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу