Волонтерлар қариялардың ауласының қарын күреп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Волонтерлар қариялардың ауласының қарын күреп берді

06.02.2020

Елордалық волонтерлар ақпанға жоспарлаған шараларды жүзеге асыруды қолға алды. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бастамасымен жыл басында қолға алынған «Ізгілік Елшісі» жобасының аясында еріктілер көмекке мұқтаж отбасыларға қолғабыс етуде. Тиімді жұмыс істеу мақсатында қала тұрғындарынан өтінім қабылдауға арналған сайт жұмыс істейді.    

Нұр-Сұлтан қаласында осы күні 5600 волонтер тұрақты жұмыс істейді. Олардың қатарында студенттер көп. Жобаға 11 ЖОО мен 35 колледж атсалысып жатыр. Студенттер бүгінге дейін 12 отбасына көмектесіпті. Олар бүгін қариялардың қар басқан аулаларын аршуға жиналды. Ақпанды қар күреумен бастаған волонтерлар бұл айда 55 шара атқарамыз деп отыр. Осындай қайнаған жұмыстың ортасында жүріп, жастардың бойында парасаттылық, қайырымдылық, адалдық пен ізгілік қасиеттері қалыптасады дейді жоба жетекшілері. Ал зейнеткерлер дән риза.

Бір ғана қаңтар айында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 45 шара ұйымдастырылып, 22 отбасына еріктілер азық-түлігі мен киім-кешегін жеткізіп, ауласын қардан тазартып берген, міне бүгінде қауқарсы қарияның ауласына жиналған қарды тазартуға 50 волонтер атсалысып жатыр.

Махамбет БЕЙБІТШІЛІК


Хабарламаларға жазылу