Қытайда коронавирус құрбандарының саны 500-ге жуықтап қалды.
Қытайда коронавирустық пневмониядан жазылып кеткендер көбейіп келеді. Соңғы тәулікте бұл аурудан 66 науқас қайтыс болса, 260-ы қауіпті дерттен айығып, ауруханадан шыққан. Осылайша, жаңа пневмониядан емделгендер саны 900-ге жетіп отыр.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, коронавирус қоздырған пневмониядан 490 адам қаза тапты. Ал оны жұқтырғандар саны 24300-ден асып отыр. Ұлттық денсаулық сақтау коммиссиясының хабарлауынша, қазір осы инфекциямен госпитальге түскен 3200-ден астам адам ауыр халде жатыр. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың жаһандық ауқымда таралуы қауіпті еместігін айтып, оны пандемия деп атаудан бас тартып отыр.
Адамнан адамға жылдам жұғатын вирустан экономика, туризм салалары да зардап шегіп жатыр. Мынау – Жапонияның 3700 адам мінген саяхатшылар кемесі. Оған Гонконг тұрғыны вирусты жұқтырғанын білмей мініп, инфекцияны басқаларға таратқан. Соның салдарынан жаңа пневмония тағы 10 адамда анықталды. Енді алып кеме бір апта саяхаттаудың орнына жолаушыларымен бірге 2 аптаға карантинге жабылып отыр.
Жансая Қапасқызы