Коронавирустан Қытайда 106 адам қайтыс болды

28.01.2020

Қытай президенті Си Цзиньпин елді шарпыған жұмбақ вирусты «Әзәзіл» деп атады. Мұндай мәлімдемені ол бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебреисуспен Бейжіңде өткен кездесуде жасады. Сонымен қатар коммунистік мемлекет лидері бүкіл әлемге тарап жатқан коронавируспен күресте елінің жеңіске жететінін сеніммен атап өтті.

Соңғы мәліметке қарағанда, жаңа пневмония эпидемиясынан Қытайда 106 адам қайтыс болды. Тағы 4 жарым мыңнан астамының қауіпті инфекцияны жұқтырғаны расталып отыр. Сол пациенттердің мыңға жуығының дерті асқынған. Және де бұл ауру әлемнің оннан астам елінде анықталды.

Қытай үкіметі вирустың тарауын тоқтату үшін 11 миллион халқы бар Ухань мен тағы 50 миллион адам тұратын 17 қаланы оқшаулап, оларға көлік қатынасын шектеп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, коронавирус тіпті екі метр қашықтықтан да жұғуы мүмкін.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу