Президент Алматы маңында болған ұшақ апатынан зардап шеккендердің барлығы үкімет пен әкімдіктен көмек алуы тиіс екенін айтты.
Ал Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың сөзінше, оқыс оқиғадан қаза болғандардың отбасына осы уақытқа дейін 4 миллион теңгеден төленген. Жалпы, апаттан зардап шеккен 52 адам бар. Олардың құжаттары да толықтай дайын. Жақын арада барлық өтемақы төленеді. Вице-премьер жергілікті атқару органдары мен министрлік тарапынан да көмек көрсетілгенін айтады.
Осы апаттан кейін Bek Air ұшақтарын тексерген «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» компанияға тиесілі әуе кемелерінің жартысынан көбі талапқа сай емес екенін айтты. Яғни ұшақтардың 50 пайызының қозғалтқышында идентификациялық тақтайшалар жоқ. Ал бұл өте қауіпті. Мамандар тексеру кезінде түсірген суреттерін көрсетті. Одан қозғалтқыштан аққан майды, әйнектердің қатпарланғанын, конструкцияны қорғау үшін ұшаққа скотч жабыстырылғанын және шиналардың тозғанын байқауға болады. Сарапшылар мұндай жағдайдағы әуе кемелерімен ешқашан көкке көтерілуге болмайтынын айтты.
Амангелді СЕЙІТХАН