Елордада бір мың адам тегін медициналық қызметтен қағылуы мүмкін. Өйткені олар әлі күнге ешбір емханаға тіркелмеген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері қаладағы медициналық ұйымдарға 1 миллион 162 мыңнан астам тұрғын тіркелді.Қалған азаматтарға да мамандар тездету керек деп отыр. Ал қай мекемеге, қай дәрігерге бару әркімнің өз еркі.
Осыған дейін елімізде тіс емдету тек ақылы түрде қолжетімді болса, енді МӘМС жүйесінің аясында бұл қызмет - тегін. Тісіңізді толық емдеп беруге міндетті. Ол үшін тұрғылықты мекен жай бойынша емханаға барып, жолдама алсаңыз жеткілікті. Бірақ протез, имплант салу - ақылы. Сосын Қазақстанда бағасы тым қымбат диагностикалардың бәрі ақысыз жүйеге көшті. Компьютерлік томография, магниттік резонансты томографиядан өту үшін шығындалудың қажеті шамалы. Тек талабын дұрыс орындау қажет.
Сағаттап кезекте тұру - медицина саласының ең «созылмалы дертіне» айналған еді. Жүйе аясында бұл «кеселден» толық айығамыз деп отыр мамандар. Бұдан былай ұзынсонар кезек күту мәселесі болмайды деп уәде берді.
Мұндай жеңілдіктердің бәрі МӘМС жүйесі арқылы ғана қолжетімді екенін ескерген абзал. Өйткені, мемлекет тарапынан жарна төленетін 15 санат бойынша азаматтардан басқалары өзін сақтандыруға міндетті. Ал Елорданың өзінде қазіргі күні 1 мың адам әлі күнге дейін ешбір емханаға тіркелмеген. Уақыт - шектеулі. Сәуір айынан бастап жаңа жүйеге қосылмағандар тегін ем-домнан қағылады.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ