Мәскеуде Мемлекеттік Халықаралық қатынастар университетінде оқитын қазақстандық Асылбек Хисами екі айға қамауға алынды. Оған Ресейдің сатирик-жазушысы Михаил Жванецкийдің ұлын соққыға жығып, тонап кетті деген айып тағылып отыр. Тағы бір қазақстандық студент куәгер ретінде сотқа шақырылды. Оқиға 8 қаңтар күні Мәскеудің Минск көшесіндегі мейрамхана жанында болған. Жапа шегуші материалды шығынды 13 мың рубльға бағалап отыр. «Тонау» ісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Көрші ел Ішкі істер министрлігінің берген мәліметіне сай, бұл бап бойынша төрт жылға дейін қоғамдық жұмыстарға жегу, түрлі мерзімге бас еркінен айыру жазалары қарастырылған. Алайда тергеу органдарына берген жауабында Асылбек Хисами өзіне тағылған «адам тонады» деген айыппен келіспейтінін жеткізді.
Индира БЕГАЙДАР