Димаштың Нью-Йорктегі «Арнау» концерті аншлагпен өтті

11.12.2019

Кеше Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қаласында Қазақтандық өнерпаз Димаш Құдайбергеновтің тұңғыш жеке концерті өтті. Әнші Нью-Йорктің әйгілі Барклайс Орталығында америкалық көрермендерге «Арнау тур энвой» атты шоу концертін ұсынды. Шара Мәдениет және Спорт министрілігінің қолдауымен, Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы мәдениет күндері аясында өтті.

Өнердің пендені жіпсіз байлайтын тылсым күші бар. Ол қашықты жақын, тіпті бейтаныс жандарды жанашырыңа айналдырады. Бұл топтың Димашқа ықыласы ауғаны сонша, әр әнін жатқа айтады. Тіпті, оның репертуарындағы қазақ әндерін де жатырқамайды.

Америкалықтар Димаштың келетінін әлеуметтік желіден күні бұрын естіп, елдің әр аймағынан орталық шаһар – Hью-Йоркке жиналды. Бірақ өнер дегенде шекараның шегі жоқ екенін осы концерт тағы бір дәлелдесе керек. Өйткені көрермендердің қатары тек америкалықтармен ғана шектеліп қалмады, сонау Жаңа Зеландиядан, Мексика, Канада Еуропа мемлекеттерінен жиналған. Ұзын ырғасы Димаштың әлемнің 60 елден жанкүйерлері келді. Кейбірі қолына Қазақтың туын ұстап, тебетейін киіп алған.

Барклайс Нью-Йорктың Бруклин ауданында орналасқан алып кешен. Әзірге АҚШ-та сыйымдығы жөнінен онымен таласқа түсе алатын сахна жоқ. Бұл алып алаңға бір мезетте 19 мың жанкүйер сыйып кетеді. Ал сахнаға шығу бақыты АҚШ тағы талай әншінің арманы, бірақ саналуы өнерпаздың ғана бағына бұйырды. Осыншама көрерменді бір сахнаға жинай алатын өнерпаздардың қатарында -Барбара Стрейзанд, Мадонна, Пол Маккартни, Бейонсе, Дженифер Лопес, Джей З секілді таңдаулы шоу бизнес жұлдыздары ғана бар. Бүгін бұл құрмет қазақ әншісіне бұйырды.

Димаш бұл сахнада қазақтың халық әндерін және әлемдік классиканың жауһарларын орындады. Арасында домбырамен күй шертті. Ал халықтың эмоциясын тіл сипаттап бере алмайды. Ондаған мың адам өнеріне тәнті боп, тұрып қол соқты. Концерт біткенше қошаметін аяған жоқ.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС


Хабарламаларға жазылу