Әлем күткен кеш. Елордада Димаштың «Арнау» концерті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем күткен кеш. Елордада Димаштың «Арнау» концерті өтті

30.06.2019
Әлем күткен кеш. Елордада Димаштың «Арнау» концерті өтті

Әлем елдерінен миллиондаған тыңдарманды тәнті еткен Димаш Құдайберген елорда төрінде жеке концертін өткізді. «Арнау» атауымен өткен кештің негізгі ұйымдастырушысы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы. 

 

35 мың орындық «Астана Арена» сарайына әлемнің 65 елінен тыңдармандар жиналды. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Мексика, Канада, Австралия, Швейцария, Малайзия, Сингапур, Африка, Египет, Израиль және Марокко сынды алыс мемлекеттердің жанкүйерлері бар.

 

Кеште 20-дан астам жаңа әннің тұсауы кесілді. Жоғары деңгейдегі қойылымдық нөмірлер үшін сахнада халықаралық алаңдарда өнер көрсетіп жүрген еліміздің ең үздік бишілері мен акробаттары өнер көрсетті. Оның ішінде, «Notre dame de Paris» мюзиклінің әртістері, «Танцы на ТНТ» жобасының қатысушылары және батуттық гиманстика бойынша спорт шеберлері бар. Кештің негізгі қонағы - ресейлік танымал композитор Игорь Крутой. 

 

Көпшілікті ерекше әсерге бөлеген сәт - Димаштың қазақ спортының жарық жұлдызы Денис Тенге арнап ән шырқауы болды. 

 

«Денис тума талант еді. Аз ғана ғұмырында өнер туын, адамдық туын, Қазақ елінің Туын биік көтеріп өтті. Менің орындауымдағы «S.O.S» әнімен Олимпиада ойындарында өнер көрсетті. Кейін екеуміз «алда бірге өнер көрсетеміз» деп жоспарлап жүрдік. Алайда, жазмыштан озмыш жоқ», деген ол залда отырған Денистің анасына гүл шоқтарын тарту етіп, бүгін сол арманының бір бөлігі орындалғанын жеткізді. 

 

«Тағдыр маған әлемнің ешбір байлығына айырбастамайтын, ең керемет, ең қымбат дүниені – миллиондаған тыңдарманның ыстық ықыласын сыйлады. Осы ықылас барда сахнада Димаш бар. Сіздердің арқаларыңызда әр күнім ерекше, әр күнім ғажап, санамда сақтаулы». Бұл - Димаштың қазақ халқына, туған еліне арнауы. 

 

Концерттің теленұсқасын Ұлттық арна эфирінен 6-шілде, 21:00-де көре аласыздар. 

 

Хабарламаларға жазылу