Қытай АҚШ-тың үкіметтік емес ұйымдарына санкция салды. Санкция тізіміне Human Rights Watch, Freedom House ұйымдары да енген. Бұл туралы Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин хабарлады.
«Бұл ұйымдар Гонконгтің тәуелсіздігін қалайтын Қытайға қарсы күштер мен сепаратистерді қолдап отыр. Оған дәлеліміз бар. Олар Гонконгте хаос жасап, адамдарды қылмысқа үгіттеп жатыр. Сондықтан бұл ұйымдар санкцияға лайық, олар өз істері үшін жауап беруі тиіс», - деді Хуа Чуньин.
Бұдан бөлек, Қытай АҚШ-тың әскери кемелері мен ұшақтарының Гонконгке келуі жөніндегі ұсынысты қарамайтын болды, яғни келуге тыйым салды.
Ресми Бейжің бұл санкцияны АҚШ-тың Гонконгтегі шеруді қолдайтын екі заңына байланысты салып отыр. Бұл заңға АҚШ президенті Дональд Трамп 29 қарашада қол қойды. Ол бойынша АҚШ наразыларға күш қолдануға қатысы бар Қытай және Гонконг шенеуніктеріне санкция салған. Ал екінші заң АҚШ-тың Гонконг полицейлеріне құрал-жабдық, қару сатуға тыйым салады. Сонымен қатар Гонконгтің автономдылық дәрежесіне қарай сауда қатынастары жыл сайын қайта қарастырылатын болады және наразылық кезінде қамалғандар АҚШ визасын жеңілдетілген жолмен алады.
Гонконгтегі билікке қарсы наразылық шарасы тоқтамай тұр. Маусымда халық қандайда бір қылмысқа күдіктілерді Қытайға беру туралы заңға қарсы шықты. Кейін Гонконг билігі бұл заңды қабылдамайтынын мәлімдеді. Бірақ шеру онымен тоқтаған жоқ. Наразылық акциялары кезінде полиция мен демонстранттар бірнеше рет қақтығысып қалды. 2,5 мыңдай адам қамалған. Солардың арасында қазақстандық студент Нүкпи Әбілқайыр да бар. Шеруге байланысты Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосы қазақстандық студенттерді елге оралуға шақырды.