Ақтауда талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы басталды

19.11.2019

Ақтауда Каспий теңізінің түбінде салынатын талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы басталды. Салтанатты рәсімге Қазақстан мен Әзербайжан елдерінің Үкімет басшылары қатысты. Бұл жоба Қытайдан осы елдер арқылы Еуропаға трафик транзитін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Трансқұрлықтық жобадан 10 жыл ішінде 300 миллион доллар табыс түседі деп жоспарланған.

Қазақстан мен Әзербайжан арасына теңіз арқылы салынатын инфрақұрылым Азия мен Европаны жалғайтын цифрлық телекоммуникациялық дәліз болмақ. Желінің ұзындығы – 400 шақырым. Жоба «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Жоба 2021 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі. Оны Қазақстан мен Әзірбайжанның бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады.

Жобаның инвестициялық құны шамамен 60 миллион АҚШ долларын құрайды. Жүзеге асқанда жаңадан 150 жұмыс орны ашылады.

Маңғыстау облысындағы жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Асқар Мамин метанол және олефин өндіретін зауыт құрылысы жүргізілетін жерге капсула салу рәсіміне де қатысты. Жобаны сингапурлық компания жүзеге асырады, пайдалануға 2023-жылы берілуі тиіс. Жобаның құны – 1,8 миллирд доллар. Зауыт жылына 300 мың тонна метанол мен 600 мың тонна олефин өндіруді жоспарлайды.

Премьер-Министр жуырда ғана ашылған Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталыққа да барды. Қазақстанның халық жазушысының мемориалын көріп, музейін аралады.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу