14 елдімекенге жоғары жылдамдықтағы интернет желісі тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

14 елдімекенге жоғары жылдамдықтағы интернет желісі тартылды

17.01.2020

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстандағы 14 ауылға талшықты- оптикалық байланыс желісін тартты. Бүгін жұмыс нәтижесімен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері мен Парламент мәжілісінің депутаттары танысты. 

Талшықты-оптикалық желіге қосылған ауылдардың бірі Глуховка — елді мекені. Мұнда қазір жоғары жылдамдықты интернет жұмыс істеп тұр. Ең бірінші болып ауылдық амбулатория, мектеп пен әкімшілік ғимараты қосылған. Мұқыр ауылы да интернеттің игілігін көруде. Цифрландыру енгізіліп жатқан медицина, білім саласы мен өзге де мекеме мамандары қазір жұмыстың әлдеқайда жеңілдегеніне риза. 

 Жалпы жыл соңына дейін «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы өңірдегі 111 елді мекенге талшықты-оптикалық желі тартып бермек. Нәтижесінде 402 мемлекеттік мекеме жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. 

 «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы ауқымды жоба 2018-2020 жылдарға арналған. Жұмыс мемлекеттік - жекеменшік әріптестік шеңберінде іске асуда. Желілерді жеке инвесторлар өз есебінен жүргізеді, ал мемлекет байланыс қызметтерін сатып алуға кепілдік береді.

Жоба толық аяқталғанда талшықты-оптикалық желі арқылы жоғары жылдамдықты интернетке еліміздегі шалғай ауылдардың 2,5 миллион тұрғыны қол жеткізбек. 

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу