ШҚО-дағы кейбір елдімекендер интернеттің игілігін көре алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-дағы кейбір елдімекендер интернеттің игілігін көре алмай отыр

05.05.2023

Шығыс Қазақстан облысы Шемонайха ауданындағы кейбір елдімекендер ұялы байланыс пен интернеттің игілігін көре алмай отыр. Тіпті Убинка және Жаңа Убинка ауылдарында ғаламтор желісі мүлде жоқ. Тұрғындар интернеттің жайын айтып қақпаған есігіміз қалмады дейді. Алайда мәселе шешілер емес. Ақыры амалы таусылған халық жергілікті кәсіпкерлерден көмек сұраған. Шаруа қожалығының жетекшілері қымбат құрылғы орнатып, мектепті ғаламторға қосты. Содан бері жергілікті ххалық мектепті жағалап жүр. Интернетсіз ауылға байланыс операторы мен әкімдік бірігіп антена-діңгегін орнатыпты. Бірақ оның толқын қуаты мүлде нашар.

Любовь Макешина, ауыл тұрғыны:

3G кейде ұстап тұрады, содан аяқ асты жоқ болып кетеді. Орталыққа қарай барсаң жақсы, ал алыстай берсең тағы да интернеттен көз жазып қаласың. Қысқасы бұл антеннадан еш қайыр жоқ.

Рүстем Досқожа, Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы:

Осы Жаңа Убинка және Убинка ауылдарын жоғары жылдамдықтағы ғаламтормен қамту үшін Қазақтелеком мекемесіне сұраныс жібердік. Алдымен оптикалық талшықты әдісті қолдану үшін техникалық шарттарды біліп алуымыз керек. Қаржыландыру сұрағы да қарастырылып жатыр.

Биыл интернет ұсынған компанияға сапасыз қызметі үшін 5 миллион теңге айппұл салынған. Енді діңгекті антеннадан бас тартып, оптикалық талшықты технологияға көшпек. Жалпы облыста әлі 200-ге жуық ауыл мобильді ғаламтор желісіне қосыла алмай отыр.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу