Онлайн ақша аударымдарына салық салынбайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онлайн ақша аударымдарына салық салынбайды

14.11.2019
Онлайн ақша аударымдарына салық салынбайды

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов халықтың қолма-қол ақшасыз аударымдарына салық салынбайтынын айтты. 

«Ақша аударымдары бойынша комиссия болмағандықтан, пайдаланудың ыңғайлылығына байланысты Kaspi сияқты жедел аударым жүйелерінің тұрғындар арасында және бизнесте танымалдығы артып келеді. Әрине, қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсімі көлеңкелі экономиканың төмендеуіне ықпал ететінін түсініп отырмыз. Қаржы министрлігі мұндай аударымдардан ешқандай қосымша төлем немесе салық алуды жоспарлап отырған жоқ. Әсіресе, жеке тұлғалардың қолма-қол ақшасыз аударымдарын тексеру жоспарда жоқ», - деді бірінші вице-премьер. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, министрлік банктермен бірлесіп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін ыңғайлы және заманға инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді. 

«Кәсіпкерлік сала ашық болуы керек. Заңға сәйкес кәсіпкерлер фискалды түбіртек беріп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап онлайн-кассалық машиналарды пайдалануы тиіс. Kaspi-ді кәсіпкерлік мақсатта пайдалану – кәсіпкерлерді осы міндеттемелерден босатпайды. Тұтынушының құқығын қорғау үшін тексерудің маңызды екенін ұғыну керек», - деді ол. 

Премьер-министрдің бірінші орынбасары қазіргі таңда Қаржы министрлігі жедел қызмет көрсету жүйесін пайдаланып кәсіпкерлердің кірістерін әкімшілендіру мәселесі пысықталып жатқанын хабарлады. 

«Мысалы, бұл онлайн-кассалық машиналар мен POS-терминалдарды автоматты түрде толтыру және салық есептілігін жіберу функционалдылығымен біріктіру арқылы жүргізіледі. Мұндай пилот келесі жылы Kaspi Bank-пен бірге өткізіледі. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес, арнайы салық режімдерін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері, мысалы, патент немесе жеңілдетілген декларация 3 жылға салықтар мен тексерулерден босатылатындығын атап өткім келеді. Осыған байланысты тұрғындар алаңдайтындай ешқандай негіз жоқ», - деп түйді Әлихан Смайылов.

inform.kz

Хабарламаларға жазылу