Тіл мамандары латын әліпбиінің тағы бір нұсқасын әзірледі

07.11.2019

Ғалымдар латын әліпбиінің жаңа нұсқасына амалдың жоқтығынан 4 таңбаны кіргізіпті. Алматыда ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының тіл мамандары қазақ тілін латын графикасына көшіру жөнінде дөңгелек үстел өткізіп, жаңа әліпбидің жай-жапсарын талқылады. Сонымен қатар, ғалымдардың қорыта келген соңғы жобасы Үкіметке жіберіледі. Әліпбидің жаңа нұсқасында неше әріп бар, олардың қалай дыбысталатындығы туралы тілші айтсын.  

Ч, В, Ф, h дыбыстары ғалымдардың жаңа әліпбиіне кірме ретінде енгізілді. Енді бұған дейін тіл мамандарының жасаған 28 таңбасына тағы да 4 дыбыс қосылып, Үкіметке жолданбақшы. Сонымен бірге, халықаралық тәжірибеге сай кірме сөздер мен төл сөздердің кейбірі бұдан былай бір дыбыспен таңбаланады. Мысалы, и дыбысы мен і дыбыстары бір таңбамен көрсетілсе, Ұ мен У-да латын қарпінде бір әріппен жазылады. Алайда, осыған дейін ұсынылған нұсқалар көпшілік арасында дау тудырған еді. Ал жаңа нұсқа жұртшылықты тағы жаңылыстыруы мүмкін бе? 

Әлімхан Жүнісбек, филология ғылымының докторы:

Бас-аяғы бүтін әліпби деген болмайды, бір ескерту жүру керек. Мұның қиын жері - осы шындығында. Кейбір сөздерді біз төл сөзіміз ба, кірме сөз ба, ажырата алмай қалуымыз мүмкін.

Сол сияқты латын әліпбиінің жаңа нұсқасында бұрын жасырын жүрген дыбыстар да көрсетіледі. Мәселен, кирилл қарпіндегі "су" сөзі енді үш дыбыс арқылы жазылмақшы. Осылайша ғалымдар тілдің заңдылықтарын да сақтаймыз деп отыр. Ал Назарбаев университетінің профессоры, доктор Юлай Шамилоғлы түркілес елдердің әрқайсы өзінше бір тілдік принциптерге негізделіп жасалғанын айтады. Сондықтан бүгінгі заман талабына сай, әр дыбыс жеке-жеке таңбамен болуы тиіс екендігін алға тартты.   

Юлай Шамилоғлы, Назарбаев университетінің профессоры, доктор:

Бүгінгі күннің талаптарына қандай әліпби сай келеді? Меніңше, әр дауысты, әр дауыссыз бөлек-бөлек бір таңбамен көрсетсеңіз, онда балалардың үйренуі, халықтың да соны үйренуі қолайлы болады.

Ғалымдардың айтуынша, кейінгі 20-30 жылдың ішіндегі ұсыныстың барлығы бір жобаның шеңберінде жасалған. Алайда, нақты бір әліпбиді жасап бекіту әзірге мүмкін болмай тұр. Бірақ сырттан шулы болып көрінген мәселе тіл мамандарының арасында айтарлықтай дауға айнала қоймапты.

Ерден Қажыбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры:

Қазақ тілі қазақша ойлайтын, қазақша сөйлейтін қазақ тілін кәсіпке айналдырған мамандардың арасында ешқандай дау жоқ. Бәрі анық. Өйткені біз тілімізді өзгерте алмаймыз.

Ықшамдалған әліпбиде ескі емле ережелер өзгеріссіз қала бермек. Сол сияқты дұрыс қабылданған әліпбиді халық арасында бір айдың ішінде түсіндіру жеткілікті. «Алайда жаңа жобаны жастар жағы жылдам үйренгенімен, ересектердің бірден сіңіріп, алып кетуі оңай шаруа емес», - дейді мамандар.

Бауыржан Жақсымбет

Хабарламаларға жазылу