Назира Әміржанова: Ұсынылып отырған әліпбимен әлі де жұмыс істеу керек (ВИДЕО)

15.10.2017

Осы аптада Елбасының назарына латын әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылған болатын.  Осыған орай бүгінгі «1 Студия» саяси ток-шоуы да «Латын әліпбиі – ұлт болашағы» тақырыбын талқыға салды. Студияда филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы, саясаттанушы Айдос Сарым, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі Назира Әміржанова және латын әліпбиіне көшу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Алтынбек Шәріпбай қонақта болды.

Тақырыпқа қатысты алдымен ой білдірген филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы ұсынылған нұсқаға көпшілік тарапынан ұсыныстың көп болғанын айтады.

«Тіл мәселесіне жанашырлық танытып, ой білдіріп жатқан көпшілікке алғысымыз шексіз. Осылай болуы да керек. Себебі, әліпби деген – ұлтымыздың, тіліміздің болашағы. Соңғы ұсынылған әліпби алғашқы ұсынылған әліпбиге қарағанда, біршама жетілдірілген. Өйткені, алғашқысына көптеген сыни пікірлер айтылды. Олар орынды да. Әсіресе, диграфтарға қатысты айтылған сынды дұрыс  деп есептейміз.

Ал, жаңа нұсқаға келер болсақ, сегіз таңбаға қойылған үтірлер (апостроф) біздің ойымызша,  көптеу.  Негізінен, «бір әріп – бір таңба» деген принципті ұстанатын болсақ, бұл жазуға да, оқуға да, баланы үйретуге де жеңіл болар еді. Біз осыған дейін қолданған барлық әліпбиде осындай принципті ұстанып келген едік.  Қысқа мерзім ішінде ұсынылған жаңа әліпбиге қатысты көпшіліктің пікірін қарап отырмыз,  дені үтірлердің көптігіне риза емес. Біз де осы үтірлерді мүмкіндігінше болдырмауды немесе таңбаның  тұтас болуын қолдаймыз»,-дейді.

Ал, бүгінгі хабардың тағы бір спикері Назира Әміржанова әліпбимен әлі де жұмыс істеу керегін айтады. 

«Бұл нұсқаны жақсы деуге болмайды. Ұсынылып отырған әліпбимен әлі де жұмыс істеу керек. Себебі, әліпбиде апостроф таңбасы өте көп. Ол мәтінге сөз болып түскенде, қазақ тілінде бүтін сөз азаяды. Яғни, бір буынды  сөздер бөлек жазылатын болады. Одан кейін әліпби жасауда алдымен көзшалымды ескеру керек. Ұсынылған әліпби көзшалымға өте қиын»,-дейді.

Хабарламаларға жазылу