200-ге жуық киіктің мүйізін кесіп алуға көмек көрсеткен қорықшылар ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

200-ге жуық киіктің мүйізін кесіп алуға көмек көрсеткен қорықшылар ұсталды

05.11.2019

Құтқарудың орнына құртып жүр. «Охотзоопром» өңірлік филиалының инспекторлары 200-ге жуық киіктің мүйізін кесіп алуға көмек көрсеткен. Қазір қылмыстық іс сотқа жолданып, қаскөйлер мен оның жақтастары қамауда отыр.

Полицейлер бұдан бөлек 154 бас ақбөкеннің өлексесін тапты. Жануарлар жапан далада жайрап жатқан жоқ. Қорғалжын қорығында қырылған. Браконьерлік әрекет биыл наурызда тіркелді. Сорақысы сол қылмыстық топтың құрамында қос қорықшы болды. «Охотзоопром» қызметкерлері екі танысына киіктерді тарсылдатып атуына жағдай жасап берген.

Гүлнәр Пинчук, Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

«Охотзоопром» өңірлік филиалы қызметкерлерінің қатысы бары анықталды. Мұнымен қоса, мүйіздерді сатып алған адам да белгілі болды. Ол контрабандалық жолмен Ресей аумағына тасымалдап, сосын Қытайға сатуды жоспарлаған. Айғақ ретінде оның гаражынан 217 мүйіз табылды. Ол Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болып шықты. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Мемлекетке бұдан 1 миллиард 435 миллион теңгеден аса шығын келтірілді. Одан бөлек, киіктердің жылда жүздеп атылуы оның көбеюін тежемей ме? Өйткені өткен ғасырдың 60-70 жылдарында 1 жарым миллионға жуық бөкен мекендеген.

Сәкен Ділдәхмет, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

Текелерінің қалыптасып, кәдімгідей ұрпақ беретін жасына жету үшін кем дегенде 2-3 жылдай уақыт керек болады. Сондықтан текелердің сақталуы оның популяцисына үлкен рөл тигізеді.

Ал қазіргі санаққа сәйкес 334 мыңнан астам ақбөкен бар. «Бұл салыстырмалы түрде жақсы көрсеткіш»,-дейді мамандар. Бірақ бассыздық тиылмай, киік басын көбейтем деу — бекершілік.

Ерлан Нысанбаев, ҚР АШМ Комитет төрағасы:

Бұрын ең ауыр жаза 5 жыл болатын. Иә, 5 жыл. Әзір 12 жылға дейін көбейтіп жатырмыз. Өйтпесек жылдан жылға өршіп бара жатыр. Халық жалпы түсінуі керек бүгін заңның қатал екенін.

Солай болмаса солқылдақ заңнан сытылып жүргендер көп. Ал қатайту жағы құпталса құтылмас, тіпті қарақшылыққа ұрынбас деген үміт бар.

Нысаналы ЫҒЫЛ


Хабарламаларға жазылу