Қызылордада бірнеше отбасы 3 жылдан бері үреймен өмір сүріп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада бірнеше отбасы 3 жылдан бері үреймен өмір сүріп келеді

01.11.2019

Қызылорданың шет аумағында бірнеше отбасы үш жылдан бері үреймен өмір сүріп келеді. Себебі, тұрғындардың баспанасы орналасқан тұстан жерасты жоғары қысымды газ магистралі өтуде. Бүгінде оттың үстінде отырған жанұяларға «Интергаз Централ Азия» мекемесі қоныс аударуды талап етіп, сотқа жүгінген. Бірақ ондағы қараша басқа барар жері, басар тауы жоқ екенін айтып шырылдауда.

Ақерке Мұханова, қала тұрғыны:

Қанша кредит алдық. Ақша осыған кетіп жатыр. Сот болды ең аяғы. 2 баламен тентіреп далада жүрміз қазір әркімнің квартирасында. Қашанғы өйстіп жүреміз? Бір шешімін тауып берсе екен. 2 жылдан бері осы иә кірерімізді, иә шығарымызды білмейміз.

Бұл қала іргесіндегі Қызылжарма ауылдық округі тұрғындарының жан-айқайы. Шет аумақтан жер алып, шама-шарқынша үй салған жас отбасылар енді еңсе түзейміз ба дегенде қайта үйсіз-күйсіз қалуы мүмкін. Кезінде жергілікті әкімдікпен заңды түрде берілген жер қалайша қауіпті аумаққа айналғанын тұрғындар түсінбей дал.

Жазира Қайранбаева, қала тұрғыны:

2017 наурызда жер аламыз. Сатып алдық. 2 бөлмелі 9 да 5 қып там саламыз. 2017 шілдесінде «Интергаздан» келіп үйімізді бұзамыз дейді, салып болғаннан кейін. 2004 жылы жер беріледі да, 2006-да газ жүреді сонда акимат қайда қарап отыр деген сұрақ келеді. Егер мына үйді бұзатын болса, біз қайда барамыз? Баратын жеріміз жоқ сөздің шынына келгенде.

Бірнеше жылға созылған жер дауынан бүгінде тұрғындар әбден әбігерге түскен. Ал ауыл әкімдігі мен газ мекемесі болса, әлі күнге дейін бір-біріне сілтеп, жауапкершілікті мойындарына алғысы келмейді.

Қамар Өсерова, «Интергаз Центральная Азия» компаниясының өкілі:

Біз мамандарымен келісе отырып «GPS» арқылы газ құбырын жүргіздік. Ол аумаққа жақын тұста үйлердің орналасқанын жер қатынастары бөлімі бізге ескертуі тиіс. Бірақ менің білуімше, Қызылжарма ауылдық округінде мұндай мамандар жоқ.

Жаман айтпай, жақсы жоқ, егер жоғары қысымды газ магистралі жарылған жағдайда, 350 метрге дейін аумақ отқа орануы мүмкін. Амалы таусылып, тағдыры қыл үстінде тұрған отбасылардың мәселесін енді сот шешетін болады.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу