Алматыда жалдамалы пәтерлердің бағасы шарықтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жалдамалы пәтерлердің бағасы шарықтап тұр

01.11.2019

Алматыда жалдамалы пәтерлердің бағасы қымбаттаған. Мәселен, ірі мегаполистің орталығында бір бөлмелі пәтердің құны шамамен 200 мың теңге. Делдалдардың айтуынша, баға бір айда айтарлықтай көтерілген. Оған не себеп? Енді қайта арзандауы мүмкін бе?

Күзде Алматыда жалдамалы пәтерлердің қымбаттайтындығы жылдағы жағдай. «Бірақ биыл бағаның аспандап кетуі әдеттегіден айрықша байқалып тұр», - дейді пәтер жалдаушылар.

Пәтерді жалға берумен айналысатын компаниялар, яғни риэлторлардың айтуынша, биыл сұраныс өте жоғары. Өйткені осы жылы мемлекеттік грант көп бөлінгендіктен, өзге өңірлерден келген студенттер аз емес. Оған қоса, олардың көбісіне жатақханадан орын тимеген. Ал мамандардың сөзінше, қаладағы ішкі миграция кейінгі 4 жылда 2 есе өскен.

Орынбасар Сатаев, «Қазақстан риэлторлар қауымдастығы» директорлар кеңесінің мүшесі:

Біздің туристеріміздің де, ата-аналарымыздың да, студенттеріміздің де сұранысының талғамы жоғары. Бәрі бұрынғы ескі, аумағы кіші пәтерлерде тұрғысы келмейді. Соған байланысты бағаның көтерілуі де байқалады. 

Қаланың әр аймағында пәтерлердің бағасы да әртүрлі. Мәселен, орталықтағы элиталы үйлерде бір бөлмелі пәтер 150-200 мыңнан берілсе, екі-үш бөлмелі үйлердің орташа құны - 400 мың теңге. Экономистердің айтуынша, бағаны нарық сұранысқа сай өзі реттейді. Бірақ бұл нарыққа қатаң бақылау қажет.

Мақсат Серәлі, экономист:

Мысалы, бізде өте көп риэлтор компаниялардың жеке адамдар көп айналысады. Яғни, сертификатты алып алады да, ары қарай өзінің жұмысын жүргізе береді. Осылардың барлығын қадағалау керек.

Мамандардың болжамынша, пәтер бағасы желтоқсанға дейін арзандамайды. Өйткені қысқы туризм маусымында шетелден туристер ағылатындықтан, керісінше тағы да қымбаттауы мүмкін. Тек жаңа жылдан кейін аздап түсуі тиіс. Бірақ ол уақытша құбылыс. Өйткені Алматыда пәтерге деген сұраныс 50-60 пайыздан асады. Ал жыл сайын олардың 5-7 пайызы ғана қамтамасыз етіледі.

Аманкелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу