Күні кеше Президент Алматы облысында 3 мыңға жуық киікті заңсыз аулаған браконьерлерге қатаң жаза қолдануды тапсырған еді. Енді Қызылорда облысында аң қуған қаскөйлердің қолынан қорықшы мерт болды. Қызметтік автокөлігімен браконьерлердің ізіне түскен «Охотзоопром» мекемесінің инспекторы жол апатына ұшырап, қызмет бабында қаза тапты.
Дегенмен, жапан далада заңсыз аңшылық құрғандар алысқа ұзамай құрықталған. Браконьерлер тізгіндеген «УАЗ» автокөлігінен екі дана қоян және тіркеуде жоқ қос ауыз мылтық табылды. Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Гүлжахан Қайырбергенова, ОПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен және 337-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Әділбек Серікұлы