Жеделсатылардың техникалық қауіпсіздігін қадағалайтын мекеме жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеделсатылардың техникалық қауіпсіздігін қадағалайтын мекеме жоқ

28.10.2019

Қызылорда қаласындағы бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары жедел сатыға зәру. Қалада ескі үлгідегі тоғыз қабатты екі үй тұр. Екеуінде де лифт бар, бірақ жұмыс істемейді. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға айтарлықтай қиындық туғызып отыр. Ал амалы таусылған зейнеткерлер балконнан әрі аса алмайды, не кіреберіске, яғни подъездге шығып таза ауа жұтады. Тіпті екі жыл далаға шықпаған адамдар да бар екен. Бір қызығы тұрғындар аты бар, заты жоқ лифті үшін ай сайын ақша төлеп отыр.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Жоғары қабаттың тұрғындары үшін күнделікті баспалдақпен мініп-түсу расында оңай емес. Әсіресе егде жастағы адамдар ентігіп әрең шығады. «Мерей» мөлтек ауданындағы тоғыз қабатты үйдің тұрғындары ұзақ жылдардан бері лифтінің азабын көріп келеді. Бір қызығы, бұл үйге 2011 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Жаңа лифті де орнатылған. Бірақ оның игілігін тұрғындар әлі күнге дейін көре алмай келеді.

Сексеннің сеңігіріне шыққан Фатима әжей соңғы рет жер басып, есік ауласына қай кезде шыққанын ұмытып та қалған. Таяққа сүйеніп әзер жүретін ардагердің күнде көретіні осы төрт қабырға. Тоғызыншы қабаттан сүйемелдеп түсіру үйдегілерге де оңай емес. Мұңға батқан зейнеткер жерге көктен қарап, балконда тұрып таза ауамен тыныстаудан басқа амалы жоқ.

Фатима Елібаева, зейнеткер:

Шығалмайм далаға, мынау балконға, подъезге шығып отырамын. Екі жыл болды далаға шықпағаныма. Больницаға барайын десем, аяғым істемейді. Соған бара алмаймын.

Тоғыз қабатты үйде тұратын мүмкіндігі шектеулі жандарға да лифтінің жоқтығы айтарлықтай қиындық туғызып отыр. Ал пәтер иелері болса, қайта жаңғырту бағдарламасының шартына сәйкес 2012 жылдан бері жұмыс істемейтін жеделсаты үшін ай сайын төлем жасауға мәжбүр.

Серік Жақыпов, тұрғын:

Модернизация істелгенде салынған лифт қой. Салды да бір күн істеді де жауып тастады. Енді модернизацияның ақшасына лифтінің бәрін қосып отыр. Ай сайын төлеп отырмыз. Бірақ лифтіні ешкім пайдаланып жатқан жоқ.

Жергілікті әкімдіктегілер «Мерейдегі» №1 тұрғын үйге орнатылған жеделсаты пайдалануға жарайтынын айтады. Мәселенің төркіні 400 мыңға жуық тұрғыны бар қалада лифтілердің техникалық қауіпсіздігін қадағалайтын бірде-бір лицензиясы бар мекеменің жоқтығында болып отыр. Сондықтан төтеншеліктер бұл үйде лифтіні іске қосуға тиым салыпты.

Біржан Далабаев, Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары:

2015 жылы жұмыстарды жүргізетін лицензиясы бар мекеме Шымкент қаласынан шақыртылған болатын. Нәтижесінде тұрғындардың бір ауыздан келісімге келе алмауы салдарынан ол мекемені сол жерге жедел сатыны күтіп ұстау қызметін әрі қарай жүргізуге ешқандай мүмкіндік болған жоқ.

Жалпы шаһарда ескі типтегі тоғыз қабатты небәрі екі-ақ үй бар. Алайда заман көші дамығанымен ол үйлердің тұрғындары үшін әзірге лифтімен мініп-түсу арман күйінде қалып тұр.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу