2022 жылы Қазақстандағы елді мекендердің барлығына интернет желісі қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2022 жылы Қазақстандағы елді мекендердің барлығына интернет желісі қосылады

28.10.2019

2022 жылы Қазақстандағы елді мекендер 100 пайыз интернет желісіне қосылады. Тағы бір жылдан кейін барлық өңірде 5G технологиясы енгізілмек. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев осылай деді. Алайда қазір 5G түгілі, жылдамдығы тым баяу, тіпті ұялы байланыс ұстамайтын ауылдар бар. Оның үстіне халыққа қате онлайн қызмет көрсету, ақпараттың базаға дұрыс енгізілмеуі сияқты проблемалар шаш етектен. Депутаттар министрге: «Осы жүйені ретке келтіріп алмай, интернеттің сапасын жақсарту кімге керек?»- деген сауал тастады.

Қазір елімізде 117 қала мен 3500-ге жуық ауыл кең жолақты интернетке қосылған. Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-і, ал интернет пайдаланушылар саны бойынша 45-орында. Алдағы жоспар да ауқымды. 2023 жылы еліміздің барлық өңірінде 5G технологиясы енгізілмек. Ал интернеттің сапасына қатысты мәселе әлі де көп. Әсіресе ауылдық жерлерде жылдамдығы тым баяу екенін министрдің өзі де мойындады.

Асқар Жұмағалиев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Қазір осыменен айналысамыз. Сол үшін қазіргі таңда бірнеше жобалар жасап жатырмыз. Интернеттің сапасын көтеру үшін.

Цифрлық даму тек интернеттің жылдамдығымен өлшенбейтіні белгілі. Халыққа онлайн қызмет көрсету, қашықтан ақпарат алмасу барлығы осы жобаның аясында жүзеге асуы тиіс жұмыстар.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл тек қана біздің осы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының орындалуын тежеп отырған жоқ, басқа да стратегиялық бағдарламаларымыз бар. Олар бір бірімен өте байланысты. Бірінсіз бірі жүзеге аспайтын жағдайлары бар.

Депутаттардың айтуынша, түрлі мемлекеттік органдардың жүйесі толық ретке келтірілмеген. Ақпараттың базаға дұрыс енгізілмеуінен төменгі палата өкілдерінің өздері талай борышкерлер тізіміне іліккен.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ондай менің өзімде де болды. Осы биылдың өзінде. 4 жыл қатарынан осындай. Мен ай сайын қазір тексеріп отыратын болдым. Қарызым бар ма, жоқ па. Өйткені ай сайын бірдеңені бір жаққа лақтырып жібереді де қарызға шығарып қояды. Ал енді осыны жүйеге келтірмесек, ол интернеттің кімге керегі бар? Неменеге оны жүргіземіз соншама ақша шығарып? Егер осының бәрі дұрыс жұмыс жасамайтын болса.

Осындай олқылықтарды мысалға келтіре отырып депутаттар жауапты министрлікке әр саладағы цифрландыру жұмысын бақылау құзіретін беруді ұсынды. Сонда интернет еріккеннің ермегі емес халық пен биліктің арасындағы байланыс құралына айналатынын айтты.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу