Алматының Талғар ауданына қарасты бірнеше үй топырақтың астында қалуы мүмкін. Тау бөктерінен шыққан судан ауыл іргесіндегі жар сөгіліп, тұрғындардың үрейін ұшырып отыр. Осы уақытқа дейін екі рет топырақ көшіп, үйлердің есігіне де жеткен. Ал бұған қатысты жергілікті әкімдік өкілдері проблема жыл аяғына дейін шешіледі деп сендірді.
Қауіпті аймақта тұратындардың бірі - Гүлбақыт Оразымбетова. Бұған дейін бірнеше рет әкімдікке барып, арызданған. Ал жарты жыл бұрын бұл мәселе әкімнің бақылауында деген жазбаша жауап алған. Алайда содан бері ештеңе өзгермеген. Оның айтуынша, тау бөктерінен шыққан судың қайдан келіп жатқандығы белгісіз. Жоғарыда орналасқан үйлердің кәріз жүйесінен де болуы мүмкін.
Гүлбақыт Оразымбетова, Бесағаш ауылының тұрғыны:
Былайша айтқанда, бір Құдайдың құдыретімен аман қалдық десек болады. Енді үшінші рет құласа біздің аман қалатынымызға ешқандай кепілдік жоқ. Мен мысалға баламды дәретханаға жіберуге қорқам. Жаңбырлы күндері тіпті. Үкіметке дәл осындай құрбандық керек па? Міндетті түрде керек па? Бір мәселені шешу үшін.
Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, жауапты компанияға жобалау-ізденіс жұмыстары үшін 39 миллион теңге бөлінген. Олар келісім-шартқа сәйкес, 19-шы желтоқсанға дейін топырақтың неліктен көшіп, судың қайдан шығып жатқандығын анықтайды. Кейін 2 ай мемлекеттік экспертизадан өтеді. Содан соң ғана тиісті жұмыстар атқарылады.
Нұрсұлтан Баймұса, Бесағаш ауылдық округі әкімінің орынбасары:
Бұл жерде жобалау ізденіс жұмыстарына байланысты болады. Ол жерде алдын ала тау бөктерін қатайту жұмыстары, сосын кейін жер асты суларының шығуын анықтап, дренажды құдықтар қазылады. Одан кейін суларды шығару бойынша арықтар салынып, үлкен Алматы каналына қосылатын болады.
Тұрғындар бұл жерді жеке шаруа қожалығынан 6 жыл бұрын сатып алған. Ол кезде тау бөктері құрғақ болған. Алайда соңғы екі жылдан бері жарды жағалай салынған үйлердің ауласына жоғарыдан су аға бастаған. Тіпті су шығып жатқан таудың төбесін де тұрғындар тегістеп, қымбат үйлер салып тастаған. «Судың шығу себебін анықтамаса, төменгі бөлік емес, жоғары жақтағы үйлерге де қауіп төнуі мүмкін», - дейді көпшілік.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ