Мәжілістегі үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Аcхат Аймағамбетов баяндама жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілістегі үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Аcхат Аймағамбетов баяндама жасады

21.10.2019

Еліміздегі мектептер 2021 жылдан бастап 12 жылдық білім беру жүйесіне көшірілмек. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мәжілісте өткен үкімет сағатында осылай деді. Оның айтуынша, қазіргі бағдарлама 95 пайызға жаңартылған. Яғни жаңа жүйеге өту процесі біртіндеп жүзеге асып жатыр.

12 жылдық жүйе осы принцип бойынша жүзеге асырылмақ. Яғни бастауыш 5 сыныпқа дейін, одан соң 6-дан 10 сынып аралығы және 11-12 сыныптар. Дегенмен Мәжіліс депутаттары мектеп бағдарламасы дайын болғанымен біздің материалдық-техникалық базамыз әзірге ақсап тұрғандығын алға тартты.

Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл дұрыс. Ал енді қарасаңыздар, бұрын 0 класта оқып жүрген балалар балабақшада жүретін. Мектепте жүретін. Ал енді 2021 жылдан бастап, бірінші сыныптың балалары толық мектепте болады. Соған байланысты қазір елімізде 3 ауысымды мектептер мен апатты жағдайдағы мектептер шешілмей жатыр ғой. Осыған байланысты енді кішкене ойлануымыз керек.

Иә, қазір еліміз бойынша 36 апатты және 125 үш аусымда оқитын мектеп бар. Жыл сайын білім ошақтары салынғанымен халықтың демографиялық өсімі мен көшіп қону динамикасына ілесе алмай тұр. Министр мәселені шешу үшін ауқымды жұмыс істеліп жатқанына тоқталды. Бірақ мәселе толық шешілетін уақытты дөп басып айта алмады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Біріншіден, мемлекет тарапынан қаржыландыру. Мектептерді салу. Екіншіден, жекеменшік серіктестік арқылы осы мәселені шешу. Сондықтан осы 2 тетікті пайдалана отырып, осы мәселені шешеміз деп ойлаймыз.

Бұл қосымшаның барлығы ақылы. Бүгінгі білім беру бағдарламасы бизнеске айналып кеткен сыңайлы. Сонда балалар күнделікті сабақта не оқиды? Депутаттар осы мәселені де көтерді.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әліппені әлі толық игермеген балаларға біз ғаламдық мәселелерді үйретіп жатамыз. Жердегі мәселені толық игермеген балаларға ғаламдық дүние неге керек екен? Соны мен түсінбеймін. Кішкене соны да бір реттейтін уақыты келді ғой деп ойлаймын.

Министр болса бағдарлама әлі де жетілдірілетінін, мәселе шешілетінін айтты. Келесі мәселе — мұғалім мәртебесі. Депутаттардың пікірінше, жүйені толық ретке келтірмейінше, біз халықаралық деңгейдегі білім сапасы туралы сөз қозғай алмаймыз.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жақсы бітіргендердің бәрі халықаралық бірдеңеге барады, мұнайға барады. Басқаға барады. Өзі үштікке бітірген бала екілікке бітіретін баланы дайындайды. Мұғалімнің қауқары өте нашар. Мұғалім әлсіреген қоғам, мектеп әлсіреген қоғам, ол құрдымға кетеді.

Иә, орта білімнің сапасы сын көтермейді. Және оны жуық арада ретке келтіру де оңай емес. Бекболат Тілеухан түбегейлі өзгеріс болмаса ештеңе болмайтынын айтты.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Асхат жас жігітсің. Азаматсың ғой. Енді бір қажыр қайратпен осы мәселеге кірісейікші. Тап осы мәселе шешілетін болса, депутаттық мандатымды беріп, бар ғой сенің қабылдау бөліміңе барып, көмекші болып, хатшы болып баруға дайынмын.

Асхат Аймағамбетов көтерілген барлық мәселе жіті қадағалауда және рет -ретімен шешілетінін айтты.

Оңғар АЛПЫСБАЙ


Хабарламаларға жазылу