Еуропарламентте Қазақстанмен достық тобы құрылды

14.10.2019

Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақты арттыруды көздейтін топ мүшелерін еліміздің Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспан көпшілікке таныстырып, арнайы қабылдау ұйымдастырды. Депутаттар достық тобының арқасында бірқатар тың жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. 

Қазақстанмен достық тобына алғашқы боп 10 депутат мүше болды. Дені Австрия, Польша, Литва, Латвия, Болгариядан сайланған халық қалаулылары. 6 фракцияның өкілдерін еліміздің Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспан арнайы қабылдап, топ мүшелері Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы мызғымас достықты онан әрі бекемдейтіне сенім білдірді. Еуродепутаттардың көздегені де - осы. 

Рышард Чарнецкий, «Қазақстан - Еуропалық одақ» достық тобының жетекшісі, Еуропалық парламент депутаты:  

Жаһандық саясаттаты маңызды ойыншылардың бірі Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделіміз. Қазақстан аймақтағы саяси-экономикалық тұрақты ел. Батыс пен Шығыстың, Азия мен Еуропаның арасындағы көпір. Экономика, білім, денсаулықсақтау салаларында іскерлікті нығайтып, тәжірибе алмасуымыз керек. 

Еуропалық депутаттар қазақстандық әріптестерімен экология, энергетика, көлік, логистика салаларындағы ынтымақты бекемдеуге бейім. Елдің транзиттік әлеуеті, таза органикалық ауыл шаруашылығы өнімдері еуропалықтарды қызықтырып отыр.

Максимилиан Крах, Еуропалық парламент депутаты, «Қазақстан - Еуропалық одақ»достық тобының мүшесі:

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы, Ұлы Жібек жолы жобасы аясында сауда-саттықты күшейтуіміз қажет. Бізге Қазақстанның Қытаймен саудадағы тәжірибесін игеру маңызды. Еуропалықтар Қазақстанға жиі сапарлап, тереңірек білу үшін туризмді дамытуға күш салсақ. 

Раса Юкнявичене, Еуропалық парламент депутаты:

Маған Қазақстан - өте қызық әрі жақын ел. Өйткені елдеріңізде кезінде жер аударылған көптеген литвалықтар тұрып жатыр. Сол қандастарыма қолдан келген көмекті көрсетіп жатқан қазақ үкіметіне алғысым шексіз.

Қазақтың қонақжайлығына тамсанған мәртебелі меймандар ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақ музыкасының тұңғиығына сүңгіді. «Достық тобының құрамы болашақта бұдан да көбейеді»,-дейді депутаттар.  

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу