Күрішті цифрлы жүйемен ақтайтын зауыт ашылды

11.10.2019

Сыр өңіріндегі «Мағжан және К» серіктестігі цифрлық тенхологиямен күріш ақтайтын заманауи зауытты іске қосты. «Оңтүстік Кореялық компаниямен бірлесіп жүзеге асырылған жобаның әзірге Қазақстанда теңдесі жоқ»,- дейді мамандар.

Озық технологиямен жабдықталған жаңа зауыттың қуаттылығы өте жоғары. Сағатына 7 тонна күрішті ақтап шығарады. Басты ерекшелігі, қалдықсыз өнім өндіруге бағытталған. Мұнда Сыр салысы сұрыпталып қана қоймай, кебегі, күрмегі бөлек жиналады.

Заманауи өндіріс орнын «Мағжан және К» серіктестігімен бірлесіп, Оңтүстік Кореяның «Даэвон Джисиай» компаниясы іске қосып отыр. Осы салада тәжірибесі мол кореялық мамандар бұған дейін әлемнің 80-нен астам елінде күріш ақтау зауытын салған. Цифрлық технологияға негізделген жобаның артықшылығы сұрыптауға түскен әрбір дән монитор арқылы бақылауда болады. Сондай-ақ жұмыс процесін планшет арқылы қашықтықтан басқаруға да мүмкіндік бар.

Мағжан Ералиев, «Мағжан және К» ЖШС төрағасы:

Бұл зауытта қандай да бір ақау шығып жатса, оны бұзылмай тұрып қызыл сигналмен өздеріңіз көріп отырған монитордан бізге ескерту береді. Бұл жерде ең бірінші уақытты үнемдейміз, екінші қосалқы бөлшектерге ақша жұмсамаймыз.

Зауытта ақталған күріштің сапасы әрбір жиырма минут сайын арнайы зертханада жіті тексеріліп отырады. Мамандар оң қорытындысын бергеннен кейін, дайын өнім нарыққа жөнелтіледі.

Несіпбала Сиқымова, «Мағжан және К» ЖШС сапа бөлімінің басшысы:

Біз күріш дақылын толық технологияда өңдеп шығарамыз. Яғни, сұранысқа байланысты Қазақстанның ішінде және ТМД мемлекеттеріне. Қазіргі таңда янтарь және литер сорттарына сұраныс көп түсіп отыр. Ең бірінші, сапасына қараймыз.

Осылайша, «Мағжан және К» серіктестігі Қазақстанда алғаш болып күріш шаруашылығына цифрлы технологияны енгізіп отыр. Бұл жоба алдағы уақытта барша Сыр күрішшілерінің алға ілгерілеуіне тың серпін беретіні анық.

Ә.Жақанов


Хабарламаларға жазылу