Созақтағы ортағасырлық ескерткіштердің бірі құлайын деп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Созақтағы ортағасырлық ескерткіштердің бірі құлайын деп тұр

10.10.2019

Созақтағы ортағасырлық ескерткіштердің бірі құлайын деп тұр. Бір кездері қарт Қаратаудың басында қасқайып тұрған Ақбикеш – күннен күнге еңкейіп, еңсесі түсіп барады. Мұнараның мүшкіл халін біз бірнеше жыл бұрын эфирден көрсетіп, тиісті министрлікке жеткізген едік. Соның арқасында жергілікті ескерткіштер тізімінде елеусіз тұрған -тарихи мұра Республикалық есепке алынды. Содан бері не өзгерді?

Араға жылдар салып, «Ақбикешке» тағы ат басын бұрдық. Мемлекет қорғауына алынған соң, жағдайы оңалған шығар десек, одан сайын еңкіш тартып кетіпті. Республикалық маңызы бар тарихи –мәдени ескерткіштер тізіміне енгені туралы тақтайша қадап кеткеннен басқа түк істелмеген.

Гүлжира Ғалиқызы, тілші:

Жаугершілік заманда қазақ даласын шолып тұратын қарауыл ретінде салынған мұнараның бұрын биіктігі 25 метр болған, қазіргі тұрғы осы. Күн сайын, жел мен жаңбырға мүжіліп шөгіп барады.

Тарихи деректерде бұл мұнараны 13-ғасырда Әмір Темір салдырған дейді. Ол Алтын орданың ханы Тоқтамысқа қарсы жорықтарында Дешті Қыпшақ даласын осы арадан бақылап жатқан көрінеді. Мұнараның іргесі тастан қаланған. Ал кірпіші «ту биенің құйрығы туралып, сүтке иленген» деседі жұрт. Саз балшықтан құйылған тепшектері бордай езіліп жатыр. Ішке кіру мүмкін емес. «Ал бұрын сол баспалдақтармен 4-5 метр көтерілсең, Шу аңғарын түгел шолып, одан әрі өрлесең, оңтүстік беткейдегі терезесінен, Қаратаудың қойын- қонышы анық көрінуші еді»,- деп еске алады ақсүмбеліктер.

Нариман Нұрпейісов, ғалым:

Созақ елінде бір жақсы сөз бар. «Ақсүмбе- Абақ батыр Созақтағы, Кем едің қай батырдан қазақтағы.» Ақбикеш — Ақсүмбе батырдың сүйікті жары болған. Ғажайып ескерткіш тек қана махаббатың символы емес, Қазақ елінің азаттығын, тәуелсіздігін, биіктігін баян ететін ғажайып ескерткіш қазір құлаудың аз-ақ алдында тұр.

Мұнара биік жотаның үстінде. Оны қалпына келтіру күрделі ғылыми-техникалық шешімдерді қажет етеді. Жергілікті биліктің шамасы келмеген шаруаны министрлік өз мойнына алған соң, іске қашан кіріседі? Министрліктен сұрадық. Сөйтсек, ғылыми реставрацияға 30 миллион теңге қажет екен. Ал оның руспубликалық бюджеттен бөлінер-бөлінбесі әзірге белгісіз.

Жанат Сейдалиева, ҚР Мәдениет спорт министрлігі тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы:

Республикалық бюджет комиссия тарапынан сол соманы қаржылық қолдап жатқан жағдайда, ғылыми реставрациялық жұмыстарды келесі 2020-2021 жж екі жыл көлемінде жүргізетін боламыз.

Айта кетейік, елімізде 12 мыңнан астам тарихи ескерткіш бар. Соның 245-республикалық тізімге алынған. «Ақбикеш» сол маңызды санатта. Алайда бюджетте белгіленген шек бар. Жылына тек 25 ескерткішті реставрациялауға қаржы бөлінеді. Алыстағы Ақсүмбенің «Ақбикеші» сол сыбағасынан айрылып қалмаса екен.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу