«Валдай» халықаралық пікірсайыс клубының 16 отырысына барған Президент Қ.Тоқаев – Азиядағы қақтығыстар таза ауыз су көздерін бақылауға қарай ойысуы мүмкін. Ал бұл – Орталық Азия аймағындағы тұрақсыздық тудыруы ықтимал мәселенің бірі деп мәлімдеді.
Тұщы суға талас, расында үлкен, өте үлкен проблемаға айналуы әп-сәтте. Осы тұста бір деталь - былтыр оңтүстік африкалық қала – Кейптаун бейнелеп айтқанда тақырға отырған. 4 миллион тұрғыны бар қала бір қасық сусыз қалған. Үш жыл қатарынан болған құрғақшылық және биліктің коммуналдық шаруашылықты бассыз жүргізгенінен. Ғаламдық климаттың апатты өзгеруінен онсыз да құрғақ аймақтар құрғай бермек. БҰҰ эксперттері енді бір отыз жылда әлемде 5 миллиард адам судан тапшылық көруі мүмкін екенін ескертіп отыр. Су үшін соғыс – ертегі емес.
Біз орналасқан Орталық Азияда да суға талас бар. Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан мұнай-газға бай. Ал Тәжікстан мен Қырғызстанда көмірсутегі қорлары жоқ, бірақ аймақтағы судың басында отыр. Өздерінің гидроэнергетикасын дамытуға аса мүдделі. Ал судың төменгі жағындағы Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстанда құрғақшылық проблемасы тереңдеп барады. Біздің жеріміздің 66 процентін құрғақшылық жайлағаны туралы мәлімет бар. Кейбір ғалымдар тіпті жердің құнарсыздануы бойынша әлемде бірінші орында Қазақстан екендігін айтады.
Сонымен текетірес мынада - Қырғызстан мен Тәжікстан су электр станцияларының мүлтіксіз жұмыс істеуі үшін суды жазда жинап, қыста жібергісі келеді. Ал біздерге керісінше, су жазда керек... Адамдардың зардап шегуінен бөлек, мұндай текетіресті өз мүддесіне пайдаланатын үшінші, төртінші тараптар болатынын айту артық...
«Валдай» форумына оралайық. Қазақстан Президенті Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды ұйымға айналдыруды көздейтінін байқадық. Себебі түсінікті - Орталық Азиядағы тұрақсыздық факторы деп бірінші кезекте терроризм, есірткі тасымалы, кедейшілікті атаймыз.
Шынар АСАНҚЫЗЫ