Қазақстанның түрколог ғалымдары Мырзатай Жолдасбеков пен Әділ Ахметов «Вильгельм Томсен» медалімен марапатталды. Халықаралық Түркі академиясының жоғарғы наградасы түркология саласының дамуына айрықша үлес қосқан ғалымдарға беріледі. Биыл Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан президенттері қол қойған тарихи құжат – Нахчыван декларациясына – 10 жыл. 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесін құру идеясы жүзеге асып, түркі академиясын құру туралы құжат қабылданған болатын. Сол уақыттан бері түркі тілдес елдер ынтымақтастығы арта түсуде. Биыл Өзбекстан Республикасы да кеңестің толыққанды мүшесі атанды.
Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:
Осы 10 жылда түркі дүниесі деген ұғым қалыптасып, бекіп, орныға түсті. Және түркі әлемінің сан тарапты байланысы да арта түсті. Бұған жыл сайын өтіп жатқан саммиттер, әртүрлі жиындар дәнекер бола түсуде. Сондықтан бауырластық байланыстарды бекемдей түскен Нахчыван келісімінің 10 жылдығы бұл – түркі әлемінің үлкен бір белесі деп бағалаймыз.
Ақерке БЕРІКБЕК