Бүгін еліміздегі білім ошақтарында экологиялық сағат өтті. Бұл шараның басты мақсаты — жастарға қоршаған ортаның қадірін түсіндіріп, тазалық акцияларын өткізу. Бүгін осындай игі бастамаға вице-премьер Бердібек Сапарбаев пен елорда әкімі Алтай Көлгінов қатысты. Мектептердің біріне арнайы барып, ауласына ағаш көшеттерін отырғызды. Оқушыларға экологиялық тақырыпта танымдық ақпараттар беріп, ой-пікірлерін тыңдап, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Айта кетейік, «Эко-сағат» акциясы еліміздің барлық мектептерінде өтуде. Оған Үкімет мүшелері, облыс әкімдері және 6 мың мектеп пен 2 миллион оқушы қатысады деп жоспарланған. Акция барысында 200 мың түп ағаш отырғызылмақ. Бұл игі бастама 12 қазанда республика бойынша жалпы бұқаралық сипатта өткізіледі..
Бердібек Сапарбаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Егер әрбір адам өзінің ауылының, қаласының тазалығына үлесін қосса, әрине жақсы болады. Енді біздің Нұр-Сұлтан қаласы көркейіп келеді, қаншама ағаштар отырғызылуда, парктер, үйлер салынуда. Ал енді оның таза болуы осы елордада тұратын азаматтарға байланысты.
Ербол МӘНДІБЕК