Нұр-Сұлтан қаласының қариялары бір күн емес, бір ай бойы ұлықталады. Осы аралықта қалада түрлі бағыттағы шаралар өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
1 қазан күні «Астана» концерт залында ардагерлер шығармашылық ұжымының қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Бағдарламада «Ветеран», «Шаңырақ» және «Алаш Аманаты» хорлары, «Ивушка», «Надежда» және т.б. вокалдық топтардың қатысуы жоспарланған. Сондай-ақ атаулы күнге арналған фотокөрме, көркем шығармашылық көрме, экскурсия ұйымдастырылады. Ал «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Ұлттық ұланның үрмелі аспаптар оркестінің «Қарттарым – асыл қазынам» атты концерті өтеді.
3 қазанда аталған мекемеде ТЖД қызметкерлері мен хореография академиясының мамандары «Шарапат шақырады» атты мерекелік концертін ұсынады. 8 қазанда Қазақконцерт ұжымы «Сіздерге мың тағзым» концерттік бағдарламасын қояды деп жоспарланған.
Әкімдіктің әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мерекеден қалыс қалмады. Қазанның 1 мен 3 аралығында қарттар Ұлттық музей мен Тұңғыш Президент музейіне барады. 7-9 қазан аралығында қаланың көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылады. 15-17 қазан аралығында М.Горький атындағы орыс драма театры мен Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының спектакльдерін тамашалайды. Сондай-ақ 23 қазанда қарияларды кинотеатрға апару көзделіп отыр. Бұған қоса, қаланың барлық ұйымдары мен кәсіпорындарын қоса алғанда Қарттар күніне арналған шаралар кезінде 40 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған.
Елорданың дәмханалары мен мейрамханаларында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл ардагерлерінің қатысуымен бірқатар шаралар өткізіліп, оларға ақшалай және естелік сыйлықтар табысталады.
Қаланың барлық мектепке дейінгі ұйымдары, мектептері, колледждері мен ЖОО-дағы оқушылар, студенттер мен ұжымдар педагогикалық еңбек ардагерлерімен, ал медициналық ұйымдарда денсаулық сақтау саласының ардагерлерімен кездесу өткізіледі. Қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарында барлық санаттағы ардагерлермен кездесу өткізіліп, кәдесыйлар табыстап, концерттік бағдарлама ұсыну арқылы ұлықтау көзделіп отыр.
Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында 80 мыңнан аса зейнеткер тұрып жатыр, оның ішінде 57 Ұлы Отан соғысының ардагері, 25 мың мүмкіндігі шектеулі қария бар.