Қамауға алынған 4-ші аурухананың дәрігерлері босатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қамауға алынған 4-ші аурухананың дәрігерлері босатылды

26.09.2019

Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың ұлының өліміне қатысты тұтқындалып, артынша қолхатпен бостандыққа шыққан 4-ші қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Қанат Тезекбаевтің әйелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Баспасөз мәжілісінде ол: «Жолдасым Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін қамаудан босатылды. Осы жағдайдан соң, еліміздегі барлық қылмыстық істер әділ тергелетініндігіне сенемін», - деді. Естеріңізде болса, Қанат Тезекбаев пен аталған клиниканың анестезиологы Асқар Тұңғышбаев кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан адам өліміне кінәлі деп тұтқындалған. Алайда істі заңды түрде тергеуді Америка құрама штаттарында іс сапарда жүрген Президент тапсырған еді. Қазір бұл іске қатысты жан-жақты тергеу шаралары жүріп жатыр.

Дина Тезекбаева, Қанат Тезекбаевтың жұбайы:

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысым шексіз. Менің Президентке ашық хатымнан соң, жағдай түбегейлі өзгерді. Мен неге ашық хат жаздым. Өйткені барлық медицина қызметкерлері, яғни менің әріптестерім бізде әділдік барын білсін дедім. Біз бұл істің ары қарай ашық әрі таза тергелетініндігіне сенеміз. Кімнің кінәлі екендігін сот анықтайды.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу