Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара мәселесі реттеледі

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара мәселесі реттеледі

Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі жеңілдейді. Сенаттың жалпы отырысында тиісті құжат мақұлданды. Қолданыстағы келісімге сәйкес, шекараны кесіп өту кезінде Қазақстан азаматтарының өзімен бірге жеке куәлігі немесе төлқұжаты, сондай-ақ азаматтарды тіркеу кітабынан көшірме болуы қажет, хаттамаға өзгеріс енгізілгенде жеке куәлікпен тек мекенжай анықтамасы ғана көрсетіледі. Ал депутат Сәрсенбай Еңсегеновтың айтуынша, Ресеймен шекаралас орналасқан Атырау облысы Азғыр өңірінің тұрғындарының төмендегілерге сөзі өтпей, жоғарыдағыларға қолы жетпей, зар илеп жүр. Оған себеп көп. Аудан орталығынан 300, облыс орталығынан 600 шақырым жерде автокөлік жолы жоқ, теміржолы ешқашан болған емес. Бүкіл тіршілік сол жерде 60 шақырым жерде орналасқан Ресейдің Қарабайлы қаласы арқылы іске асып келген осыған дейін. Енді Азғыр халқы шекарадан өзімен бірге 25 келіден артық тауарды алып өте алмайды. Яғни 50 келілік бір қап ұн үшін 60 шақырымдағы Қарабайлы қаласына емес, 300 шақырымдағы аудан орталығына баруы тиіс. Ең қиыны, ауырған адамдарды Ресейдің Қарабайлы қаласына апару үшін сол жердегі мемлекеттік жедел жәрдем көлігі өтпейді, келісім бойынша өткізбейді. Бұл мәселе Парламент қабырғасында бірнеше рет көтерілгенімен, тыңдар құлақ болмады.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Осы уақытқа дейін екі рет Үкімет басшысына сауал жолдадым. Бірнеше рет тиісті минитстрліктен комитет басшыларын сол өңірге алып бардым. Халықпен кездестірдім. Қиын жағдайды өз көзімен көрді. Бірақ оң шешім жоқ. Оның себебі неде? Себебі – мемлекеттік органдардағы кадр тұрақсыздығы. Комитет төрағалары жылына бірнеше рет ауысады. Келесі келген адам мән-жайды түсінбейді. Кабинет терезесінен қарап отырған біздің шенеуніктер халықтың мұң-мұқтажын, зарын естуге құлықсыз.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының Спикері:

Қолдаймын. Комитеттермен осы мәселені көтеріп, парламенттік тыңдауға да шығаруға болады. Өйткені бірталай жылдан бері шешілмей жатыр. Тек Ресеймен шекарада ғана емес, Қытаймен шекарада тура сондай мәселелер туып жатады. Халықпен кездескен кезде, осыны естиміз. Келісім шарт бар деген жауап аламыз, бірақ ешқандай шешімі табылмайды. Сондықтан мұны жан-жақты талқылап, жақсы шешімге келуіміз керек деп ойлаймын.

Индира БЕГАЙДАР


Бөлісу