Ақпараттық қауіпсіздік саласында халықаралық тәжірибені зерделеу қажет. Бүгін Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Онда елдің ақпараттық қауіпсіздік мәселелері қаралды. Өйткені қазір бұқаралық ақпарат құралдарынан интернеттің, оның ішінде әлеуметтік желілердің ықпалы басым. Осы тұста, киберқауіпсіздікке байланысты қауіптер де жоқ емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына басымдық берді. Сонымен қатар отырыста Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық даму жайы да қаралды. Өңірдің транзиттік-көлік әлеуетін дамытудың кейбір бағытына назар аударып, кәсіпкерлік пен адами капиталды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау керектігін айтты. Келелі кеңестің қорытындысы бойынша Үкімет пен Ақтөбе облысының әкімдігіне тиісті тапсырмалар берілді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы:
Бұл қазір өте маңызды болып отыр. Бұрынғы бізге белгілі радио, телевизия емес, интернеттің ішіндегі барлығы көп болып келе жатыр. Бір жағынан, ол жақсы, халыққа көп мағлұмат береді, үйретеді, оқытады. Екінші жағынан, кейбір келеңсіз, елге зиян келтіретін, елдің ішін бұзатын мәселелер де бар. Сондықтан басқа елдердің саясатын біз де пайдаланып, тиісті шараларды қабылдауымыз керек. Елдің қауіпсіздігін сақтауымыз керек.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ