Ақындар айтысының жеңімпаздары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақындар айтысының жеңімпаздары анықталды

20.09.2019

Қарағандыда мемлекет, қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған халықаралық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Екі күн бойы айтыссүйер қауымның делебесін қоздырған жыр додасында арқалы ақындардың қазақтың саф өнерін өз биігінде көрсете білді. 

Қарағанды жұртшылығының айтысқа шөліркеп қалғаны қалың көрерменнен байқалады. Сыймаған жұртшылық кіші залға қойылған экраннан айтысты тамашалады. Жыр додасына төрт елдің ақындары келген. Алғашқы күні ҚХР, Қырғызстаннан, Моңғолиядан және еліміздің әр өңірінен келген 18 ақын сынға түсіп, содан үздік деп таңдалған 7 жұп келесі кезеңге өтті.

Жүрсін Ерман, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын:

Сәкеннің сымбатын, сәнін, ұлттың таңдаулы ұлы екенін, құдайдың сүйген құлы екенін жақсы жеткізіп жатыр. Әрине, заман талабынан туындаған осы күнгі проблемалар ақындар назарынан тыс қалған жоқ. Әсіресе, мынау әлеуметтік салаға Елбасының, Президенттің тарапынан, Үкіметтің тарапынан жасалып жатқан үлкен жұмыстарды айтуға тырысып жатыр.

Финалдық бәсекеде айтыс тіптен қыза түсті. Ақындар қоғамдағы түйткілдерді бүкпесіз айтып, халықтың көкейіндегі мәселені дөп басып жеткізуге тырысты. «Nur Otan» партиясы қазақтың ұлттық өнер айтыстың өрістеуіне, ақындардың шығармашылық деңгейінің өсуіне баса көңіл бөлуде. Биылдың өзінде ел көлемінде 5 үлкен айтысты өткізуге мұрындық болып отыр.

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасы айтқандай, халықтың арасында болу керек. Халықтың мұңындағы сөзін сөйлеу керек. Сондықтан біздің халықтың рухы берік болмаса, біздің санамыз өзгермесе, біз ары қарай үлкен жетістіктерге жете алмаймыз.

Айтысқа қатысқан барлық ақын да осал емес. Олар жыр додасында екі күн бойы бар білім-парасатын, өнерін ортаға салды. Қазылар алқасы кеңесе келе жүлде санын көбейтуді жөн санады. Ақындардың барлығы да сый-сияпатсыз қалмады. Ал топ арасынан суырылып шығып тең түскен қарағандылық Мақсат Аханов пен алматылық Жандарбек Бұлғақов үшін екі бас жүлде тағайындалды. Осылайша ел көптен күткен айтыста қос ақынның бағы жанып, әр қайсысына 2 миллион теңгеден қаржылай сыйлық берілді

Мақсат Аханов, айтыскер ақын:

Мына сырттан келген 20 ақынның барлығы таңқалып жатыр. Екі күнгі Қарағандының айтысты сағынып қалғанының, екі күнгі айтысқа деген ниет-ынтасының зор екеніне. Сал мен серінің отаны екенімізді тағы бір дәлелдедік деп ойлаймын. 

Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған рухани шаралар мұнымен бітпейді. Жыл соңына дейін жалғаса бермек. 

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу