Әлемдік діндер съезі хатшылығының отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдік діндер съезі хатшылығының отырысы өтті

18.09.2019

Елордада әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезі хатшылығының 18 отырысы өтті. Түрлі дін өкілдерінің қатысуымен өткен жиында экстремизм мен терроризм, дінаралық, конфессияаралық қақтығыстарды тоқтату мәселесі кеңінен талқыланды. Дәстүрлі діннің атын жамылып, жаһанның әр түкпірінде ылаң салып жүргендерді тоқтату жолдарын қарады.

Дін көшбасшыларының талқысына түскен алғашқы мәселе былтыр өткен 6 съездің нәтижелері. Сол уақытта жасалған ұсыныстардың жүзеге асырылу барысы. Одан соң қазір әлемді алаңдатып отырған ауқымды проблемалар мен оларды шешу жолдары қаралды.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының спикері:

Адамзаттың тарихында дін деген махабаттың, ынтымақ пен бірліктің бастамасы. Біз тұрақтылық мәселесін көтерген кезде осы ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді негізге алуымыз керек. Яғни дін адамдардың арасын жақындатушы құрал болуы керек.

  Әлемнің әр түкпірінен келген дін өкілдері Қазақстан бастамашылық жасап отырған жиын көптеген проблемаларды шешуге түрткі болып отырғанын алға тартты. 

Кала Дхананджей Ачария, «Сомайя Бхаратия Санскрити Питам»  үнді мәдениеті орталығының директоры:

Бір жиында барлық мәселені шешіп тастау мүмкін емес. Алда әлі талай бас қосып, сол уақыттың өзекті мәселелерін талқыға саламыз. Ал жалпы дін көшбасшыларының дәстүрлі жиыны жаһандық проблемаларды шешуге септігін тигізіп келе жатыр.

Мажид Әбдулазиз, Әт-Түрки Ресей-Араб зерттеу және ақпарат орталығының төрағасы: 

Біз бұл жерде тек бас қосып қана қоймай, діни көшбасшылардың ұсыныстарын қабылдап, оны жүзеге асыруға әрекет жасаймыз. Бұл Қазақстан үшін де әлемнің басқа елдері үшін де өте маңызды.

Отырыс қорытындысы бойынша 19 елден келген 24 дін өкілі хатшылықтың жұмысын бағалап, келер жиындарға жоспар түзді.  

Марат Әзілханов, Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму вице-министр:

Хатшылықтың келесі 19-шы отырысы келесі жылы маусым айында өтетін болды. Оған дайындық осы бастан басталып жатыр. Үшіншіден, енді съездің жетінші сессиясы 21 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін болды. Ол жалпылай маусым айына белгіленді.

Ал 7 съездің тақырыбы хатшылықтың келер жылғы отырысында бекітілетін болды. Оған дейін жұмыс тобының мүшелері өз ұсыныстарын жолдай алады.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу