Сәкен мұражайы жәдігерлермен толықты

11.09.2019

Қарағанды облысының Жаңаарқа аудандық мұражайы Сәкен Сейфуллиннің Омбы семинариясында оқыған кездегі және осы қалада өткізген өмір кезеңдері туралы құнды құжаттармен толықты. Биыл ұлт зиялысының туғанына 125 жыл. Осыған орай қайта жаңғыртылған мұражай залына басқа да бағалы жәдігерлер келіп түскен. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы Ресей мұрағаттарынан олжалы оралған ғылыми экспедиция мүшелерімен жүздесіп қайтты. 

Сәкен Сейфуллин 1913-1916 жылдар аралығында Омбыдағы семинарияда білім алды. Осы үш жылдық кезеңге байланысты Ресей мұрағатынан қолға түскен құжаттың бірі - Сәкенге берілген мінездеме. Сондай-ақ, өзінің досы Иванов деген орыс тамырының естеліктері. Бұл сол шақтағы ұлт зиялысының кейбір бір-екі ауызбен ғана айтылып жүрген өмір кезеңдерін айшықтай түсетін құнды деректер. 

Темірғали Аршабеков, Облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы, тарихшы :

Сол кезеңдерде Мағжан Жұмабаев, Нығмет Нұрмақовтармен қатар, Сәкен Сейфуллин де осы семинарияда оқыды. Осы үш жылдық кезеңде ол өзінің алғашқы «Өткен күндер» өлеңдер жинағын шығарды. Сол кездері өзі бастап қазақ жастарының арасында «Қазақ жастары» ұйымын ұйымдастыруының өзі саяси қайраткерлігі сол Омбыдан басталғанын көрсетеді. 

Кейін қызмет ету жылдары Сәкен Омбыда бірнеше мәрте болған. Қудалау кезінде саяси жаламен осы қаладағы Колчак түрмесінде отырды. «Бұған да қатысты ресейлік мұрағатта құнды құжаттар бар»,-дейді ғылыми экспедиция мүшелері. Мұражайға тапсырылған материалдардың енді бірі - Алматыдағы мұрағаттан алынған Сәкеннің өз қолымен толтырылған өмірдерегі. Міне осынау құжаттар қайта жаңғыртылған жаңа залдың төрінен орын алды. Сәкен атындағы экспозиция үшін мұражай қызметкерлері де біраз бағалы жәдігерлерге қол жеткізген.

Гүлғайша Жангелдина, С.Сейфуллин атындағы аудандық мұражайдың басшысы:

Жазу машинкасын көрдіңіздер, сосын Гүлбаһрам апайымыз іс тіккенді жақсы көрген. Сол заманның тігін машинкасы тұр. Үтік қосылды. Сол кездегі Сәкеннің «Тау ішінде» әні жазылған күй таспасын көріп отырсыздар. Патефон сол кездегі және телефон аппараты сынды заттар жиналды. 

Қазір Сәкен өмірі мен шығармашылығы туралы үш автордың бірлескен ғылыми еңбегі дайындалды. Алдағы уақытта ұлт зиялысының ғұмыр жолымен байланысты өлкелердің географиялық картасын мемлекеттік тізімге еңгізу мәселесі қолға алынбақ. Мәселен, Бұқар жырау ауданының Семізбұғы тауындағы бұлақ, Нұрадағы өзі сабақ берген Ахмет ауылы, әкесі Сейфолланың Қарашілік қыстауы, кіндік қаны тамған Аққұдық жайлауы сынды киелі жерлер - «тар жол тайғақ кешкен» Сәкен өмірінің ажырамас бөлшегі. 

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу