Жезқазғанда халықаралық күйшілер байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда халықаралық күйшілер байқауы өтті

09.09.2019

Қарағанды облысының Жезқазған қаласында Кетбұқа би атындағы халықаралық күйшілер байқауы өтті. Атағы әлемді дүр сілкіндірген Шыңғыс ханның кеңесшісі, Жошының ақылшысы болған тарихи тұлғаның «Ақсақ құлан» күйін білмейтіндер кемде-кем. Өмір жолы Ұлытау өңірімен байланысты абыздың атындағы күй жарысына барлық облыстардың және Қытай мен Моңғолияның өнерпаздары қатысты. 

Рухани шара қала орталығындағы Кетбұқа ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ұлытау өлкесіндегі күрделі тарихи оқиғалардың бел ортасында болған, даналығымен, қолбасшылығымен танылған тұлғаға арнап бірер жыл бұрын осы ескерткіш арнайы орнатылған болатын. 

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Шыңғыс хан әулетін патшалыққа тәрбиелеген, аталық қызмет атқарған. Жошының жанында болған. Одан кейін Құлағу ханның жанында Таяу Шығысты, Мысырға дейінгі жерді бағындыруға қатысқан. Қазақ жадында Кетбұқа ұлы жырау есебінде қалды. Көп заманда қазақ жыраулары Кетбұқаны үлгі тұтты. 

Кетбұқа – аталы сөз қалдырған жырау, өлмес күй мұрасын аманаттап кеткен даңғайыр күйші. Оның күй мұрасы бүгінде кешенді зерттеуді қажет етеді. Мәселен, бізге Шыңғыс ханға Жошы өлімін жеткізген «Ақсақ құлан» күйі ғана таныс болатын. Осы күйдің өзі бірнеше нұсқада, түрлі аспаппен орындалады. Қытайдан келген Бейілхан ақсақалдың арғы аталары осы Кетбұқа күйлерін сыбызғыдағы нұсқасын ұрпақтан-ұрпаққа мұра еткен. Қазір сол сабақтастықты өзі жалғасытырып жүр. 

Бейілхан Қалиақбарұлы, күйші (ҚХР):

Сыбызғыда орындалатын Кетбұқа бабамыздың күйлері сақталған. Алтай өңірінде, Құтыби өңірінде, Ерентау, Үрімжі өңірінде.

Кетбұқа атындағы күйшілер байқауына еліміздің барлық өңірлерінен және Қытай мен Моңғолиядан келген 17 өнерпаз қатысты. Олардың орындаушылық шеберлігіне еліміздің еңбек сіңірген әртістері, мәдениет қайраткерлері баға берді. Сахнаға шыққан әр күйші аянып қалмады. 

Мұстафа Еркінбек, байқауға қатысушы: 

Осы домбыра аспабымен айналысамын. Моңғолиядағы күй жарыстарына қатысқанмын. Осы Қазақстандағы байқауға алғаш келуім. Кетбұқа би атындағы жарысқа келгеніме өте қуаныштымын. Отызға тарта күй білемін. 

Күй өнері халқымыздың тарихымен тағдырлас. Елдің қуанышы мен мұң-зарын арқау етіп, жанға жылу, көңілге тебіреніс ұялататын құдіретімен ерекше. Бізге мұра болып жеткен осы күйлерді өз мәнерінде орындай білген ең мықты өнерпаздар байқауда жеңімпаз атанды. Бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласынан келген Дарын Құдайбергенов иемденді. Шара соңы гала-концертке ұласты.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу