Зейнетақы қорындағы қаражатты мұқтаж жандарға берген дұрыс. Тек оны тағы да, тұрмысы түзу бай-бағландар пайдаланып кетпесе болғаны. Осылай деген экономистердің пікірі екіге жарылып отыр. Енді бірі – бейнеттің зейнетіне арналған стратегиялық сомаға тиісудің еш қажеті жоқ дегенді айтады. Жалпы зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін зейнет жасына жетпей алудың халықаралық тәжірибесі қандай? Оны кәдемізге жарататындай біздегі жинақтың көлемі жеткілікті ме?
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкіметке жыл соңына дейін жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін, мысалы үй сатып алу немесе білім алу үшін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын.
Иә, Президент осылай дегелі ел құлағы елең етті. Арман-қиялдарына ерік берді. Ой жүзінде баспаналы болып, бас ауруынан айықты. Алайда жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақша кімге бұйыратыны әзір белгісіз. Бір анығы – мұндай тәжірибе әлем елдерінде бар.
Мақсат Халық, Экономист:
Сіз 10-15 жыл жұмыс жасадыңыз, сізде 3-4 миллион теңге көлемінде жинақ бар делік. Осы жинақтың бәрін ала алмайсыз. Оның тетіктері қарастырылып жатыр қазір. Бірақ 50 пайызға дейін мүмкіндік берсе алуға. Сол кезде Сіз 1-2 миллион теңгені өзіңіздің балаға алғашқы жарна ретінде құйып берсеңіз, сосын әрі қарай балаңыз өзі төлесін ипотеканы.
Зейнетақы жүйесінде Сингапур үлгісі жиі мысалға келтіріледі. Мұнда бірыңғай зейнетақы қорының инвесторларында үш есепшот болады. Үй сатып алғанда, адам баспана үшін алғашқы жарнаны 5% мөлшерінде төлейді. Қалған сома жинақтаушы зейнетақы қорынан беріледі. Банктер мұндай қадам жасауға дайын, өйткені, банк берген қарыз ай сайынғы зейнетақы жарналары есебінен жабылады.
Себебі, Сингапурдағы жинақ көлемі жоғары. Зейнетақы салымы жалақының 40 пайызын құрайды. Ал, бізде ше?!
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осы зейнетақы қорының жұмысына біз өте сын көзбен қарап отырмыз. Қордың табатын табысы инфляцияны жаппай тұр. Бұл дұрыс емес. Азаматтарымыз ақша жинаса, ертең зейнетке шыққанда инфляция жинақты жеп қоймау керек.
Біздегі жинақталған зейнетақы қаражатының мардымсыздығын Президент те айтты. Қазір бірыңғай жинақтаушы қорында 10 миллион 517 мың салымшы бар. Көбінің жиған-тергені 1 миллион теңгеге жетер-жетпес. Осы тұрғыда кей экономистер қордағы ақшаны рәсуа етудің қажеті жоқ екендігін айтады.
Сапарбай Жұбаев, Экономист:
Мұқтаж адам үй-күйге ие болмаған адам ақшасын апарса 10 пайызға де жетпейді. 20 пайызға жақын арада да жеткізе алмайды. Сол жәрдемді қайтадан бай адамдар пайдаланып кетуі мүмкін де. Ол өзінің бизнесін дамытып кетуі мүмкін.
Экономистің пайымынша, қордағы қаржы бәрбір бәрін жарылқауға жетпейді. Сондықтан оны тек жинағы мол және 50-60 жастағы азаматтарға берген жөн. Десе де жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақша кімге және қандай жағдайда мерзімінен бұрын берілетіні жыл соңына дейін белгілі болмақ.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ