Түркістан өңірінің намысын Еркебаевтар әулеті қорғайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан өңірінің намысын Еркебаевтар әулеті қорғайды

03.09.2019

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында тұратын Еркебаевтар әулеті осындай ұстаныммен өмір сүреді. Отасқандарына жарты ғасыр болған ерлі-зайыптылар 11 перзент сүйіп отыр. Көпке үлгі боларлық әулет республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында Түркістан өңірі атынан сынға түсетін болды. 

Жасы жетпістен асса да Әлмырза қария әлі күнге немерелеріне бас болып үйдің талай шаруасын өзі тындырады. Бау бақшаны да өзі күтіп баптайды. Ондағысы ұрпағына өнеге көрсету. Еңбекке баулу. «Өмір жолында ұлғатты жандардың тәлімді ісін өзіме өнеге тұттым. Өзім де ұл мен қызға үлгі болуға тырыстым. Ол үшін адалдық, төзімділік, еңбекқорлық секілді қасиеттерді өмірлік тірек еттім,- дейді ол.

Әлмырза Еркебаев, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

Осы бір тәуір адамға қызыққым келеді, Соның тірлігіне, соған ұқсап жүрсем, тұрсам деген қағдидамен өмір сүрдім. Тракторшы болсақ та жақсысына қызықтым. Машине айдасам да жақсы шофер болғым келді. 

11 құрсақ көтерген Оңал апа болса отбасының татулығына барын салды. Бауырмалдық, ізет пен құрмет секілді ізгі қасиеттерді перзенттерінің бойына сіңірді. Барлығының жоғары білім алуына жағдай жасады. Парасатты азаматтар болып өсіп жетілуін қалады. Бүгінде олардан тараған 33 немере мен 2 шөберенің абзал жүректі әжесі.  

Оңал Салыбекова, Әлмырза Еркебаевтың қосағы:

Біздің үйде ұрыс керіс болған емес. Тату өскенбіз. Бұрын ата-енем де сондай еді. Соны көрген балалар, қыздар да қосқатарымен тату, келіндерім де бір-біріне қарсы сөйлемейді. Сондай татулық бар жерде береке бар. Тамақты рахаттанып отырып ішеміз. 

Жансая отбасындағы сегізінші перзент. Аға-әпкелері секілді жоғары білімді маман. Мектепте мұғалім. Ұстаз ретінде шәкірттері құрмет тұтады. Әріптестеріне сыйлы.

Жансая Еркебаева, қызы:

Үйге кісі келгенде атамыз бен апамыз кім келсе де алдынан күліп шығыңдар дейтін. Ол сенің дастарханыңа емес қабағыңа тояды деп. Ағайындығымызды, бірлігімізді көрсетуге тырысып отырмыз. Осының бәрі ата-анамыздың тәрбиесі. 

Еркебаевтар шаңырағының балалары бүгінде оқу-ағарту, әскери қызмет, кірістер басқармасы, кәсіпкерлік, мұнай-газ секілді түрлі салада еңбек етеді. Ардақты әке мен алтын құрсақты аналары олардың әрбір ісіне, жетістігіне шаттанумен күн кешіп жатыр.  

Мәрия Кәрібаева. Көршісі:

Бұл кісілер еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Әсіресе, ағай ешқашан еңбектен тайынбайтын. Балаларының бәрі ізетті болып өсті. Үлкенді сыйлайтын, кішіге қамқор болатындай боп. 

Әлмырза қария бүгінде Ағыбет ауыл әкімшілігінің төбе биі. Елдің мұқтаждығын айтып, ауылдың көркейіп дамуына аянбай қызмет етіп жүр. Бұл еңбегі де ескерусіз емес. 2016 жылы ауданның «Үздік биі» және «Құрметті азаматы» атағын алды.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу