Маңғыстаудың намысын Нұрсебеповтер қорғайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаудың намысын Нұрсебеповтер қорғайды

04.09.2019

Елордада өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Маңғыстаудың намысын Нұрсебеповтар әулеті қорғайды. Олар бұған дейін аудандық, облыстық сайыстарда топ жарып, ұлттық құндылықтарды сақтауда, ұрпақтар сабақтастығын құрған үздік отбасы атанды. Сексенге келген Нұрхан ақсақал өмірлік серігі Айтбикемен бірге өңірдің мал шаруашылығын дамытуға үлес қосқан білгілі шопандар. Еңбекқор жандар ұл-қыздарын да мал бағуға баулыған. 

Киіз бен текемет басып, алаша тоқу, ағаш үйдің жабдықтарын әзірлеу – отбасындағы нәзік жандардың сүйікті ісі. Бұған оларды марқұм әжелері үйреткен. Темірдей тәртіптің арқасында әулеттің қызы да, келіні де осы дәстүрді жетік меңгерді. Ал, ер азаматтар болса мал бағуға машықтанған. 

Тамыры тереңге тартқан саялы бәйтеректей жайқалған әулеттің басшысы Нұрхан Нұрсебепов. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал жары Айтбикемен 53 жыл отасып, 6 ұл, 6 қыз сүйген. 50ден астам немере-шөбересі бар. Еңбекке ерте араласып, зейнет жасына дейін мал баққан азамат балаларын да осы кәсіпке баулыды.

Дәурен Нұрсебепов – Н. Нұрсебеповтың үлкен ұлы:

Бала кезімізден ес білгелі сол шаруашылыққа айналысып кеттіп десек болады. Кішкентай кезімізден қозы-лақ бағатынбыз. Атқа, атанға түйеге мініп үйрендік мектепке бармай тұрғанда. 

Батыр ана Айтбике Нұрсебепова жолдасының қасында көмекші шопан әрі, отбасының ұйытқысы бола білді. Перзенттерінің бойына бауырмалдық, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді сіңірді. 

Айтбике Нұрсебепова, Н. Нұрсебеповтың Жұбайы:

Жақсы болың, өнегелі болың, шырақтарым, ешкімнің ала жібін аттамаң деп қызыма да ұлыма да айтып отырамын. Бәленшенің баласы сөйтіп жүр дегізбең деп.

Жаңагүл Нұрсебепова, Н. Нұрсебеповтың қызы:

Анамыздың үйреткені өзімізге өмір бойы сабақ. Тігін жайлы оқып білім алмасам да сол кісінің үйреткені мен үшін жоғары оқу орнымен бірдей деп есептеймін. 

«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер». Нұрсебеповтар отбасынан шыққан ұл-қыз, ұяда не көрсе ұшқанда соны іліп, мал бағу мен ағаш үй сәндеуді кәсіп етті. Қарапайым шопанның балалары бүгінде әр саланың білікті маманы. Бауырмалдық пен татулық – салтанат құрған жанұя, отбасылық құндылықтарды Елорда төрінде көрсетпек. 

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу