Үгіт-насихат кезеңі қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үгіт-насихат кезеңі қорытындыланды

07.06.2019

Еліміздегі сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына небәрі үш сағаттан астам уақыт қалды. Тура бүгін түнгі сағат 12-ден бастап үгіт шараларын жүргізуге қатаң тыйым салынады. Ал ертең елімізде тыныштық күні. Қазақстанның сайлау туралы Конституциялық заңы бойынша сайлауға бір күн қалғанда және дауыс беру күнінде ешқандай насихат жүргізілмеуі керек. Сайлауалды штабтар мен сенімді өкілдер ешқандай шара өткізе алмайды. Яғни Президенттіктен үміткерлер бүгін насихат жұмыстарын қорытындылады. Сонымен кандидаттар бүгін қай жерлерде болды, кімдермен кездесті? Тілшілеріміз шолып шықсын.

 

Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаушылар арнайы форум аясында бас қосты. Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та арнайы келді. Елге танымал тұлғалардың бірқатары да ортадан табылды. Елдің дамуы мен жарқын болашағын жалғайтын  жастардың да  көңіл-күйі ерекше бүгін. Өйткені маңызды сәтте олар өздерінің кандидатымен бірге. 

 

Залдағы 10 мыңнан аса жанның ұстанымы, таңдауы бір. Бұл, әрине, бір ғана шарадағы көрініс екенін ескерсек, ел бойынша мұндай жақтастардың саны едәуір көп. Тіпті, олардың бірқатары бүгін тікелей байланысқа шығып, сөз алды. 

 

Аймақтардан сөз алғандар Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік бастамалары мен елдің дамуына негізделген жоспарларын жоғары бағалайды. Оның іске асарына сенімі мол.

 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенттігіне үміткер Қ.Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының басшысы:

 

Біз ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республикалық қоғамдық штабының мүшелері соңғы 4 аптада Қазақстанның барлық облыстарының халқымен кездесу өткіздік. Еліміздің барлық өңірдерінде қазақстандықтар Елбасының саясатының сабақтастығын біздің кандидатымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын толықтай қолдап отырғанын көрдік.

 

Мәулен Әшімбаев бастаған Республикалық қоғамдық штаб бүгінге дейін әрбір өңірге ат басын бұрды. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Олар тек сайлауға қатысуға шақырып қана қоймай, жұрттың тілегін де тыңдаған еді.  Мәселен, «Бірге» деп аталатын жалпыхалықтық акция аясында жарты миллион адам шағымдары мен ұсыныстарын жазыпты. Партия өкілдері мұны аяқсыз қалдырмаймыз дейді. Қорытынды шығаруға дайын. Өйткені қолға алған істің бәрі ұрпақ үшін, ел үшін. Қоғамдық штаб мүшелерінің түйін сөзі осы.

 

Президенттік сайлау қарсаңындағы үгіт жұмыстарының соңғы күні Коммунистік халық партиясының белсенділері  Жамбыл Ахметбековты қолдау мақсатындағы дәстүрлі акциясын ұйымдастырды. Ал кандидаттың сайлауалды штаб өкілдері арнайы жиын өткізіп, компания жұмысын қорытындылады. Белсенділер қала саябағына жиналып, қанат белгісін жасады. Коммунистік халық партиясының дәстүрлі акциясына кандидаттың өзі де қатысты. Жамбыл Ахметбеков еліміздегі басты саяси кезеңдердің бірінде өзін қолдауға атсалысқан барлық команда мүшелеріне ризашылығын білдірді.

 

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Президенттігіне үміткер:

 

Республикалық штабқа, менің командама алғысымды білдіремін. Олардың қатысуымен республика бойынша 5000 тарта үгіт-насиxат шараларын өткіздік. Былай алып қарағанда, 500 мыңға тарта xалықты қамтыдық. Оның ішінде кездесулер мен жиналыстар бар.

 

Биылғы науқанда өңірлік және орталық штабтарда 5 мыңға жуық адам үгіт жұмыстарымен айналысқан. Кандидат пен оның сенім білдірген өкілдері еліміздегі 500-ге жуық кәсіпорынды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті. Республикалық сайлауалды штаб жетекшісінің айтуынша, компания аз уақыттың ішінде ауқымды жұмыс атқарған.

 

Айқын Қоңыров, ҚКХП Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі:

 

Жамбыл Ахметбековтың Республикалық сайлауалды штабы 1,5 миллионға жуық үгіт парақшаларын таратты. Сондай-ақ, үміткерді қолдаушылар әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыс жүргізді. Осы аралықта 6,5 мыңдай жазба жарияланды. Бұл арқылы біз 600 мың адамдық аудиторияны қамтыдық. Жалпы республикалық штаб және кандидат сайлауалды компания жұмысын оң бағалады.  Ең бастысы, сайлау науқаны барысында ешқандай заң бұзушылықтар мен әкімшілік тосқауылдар болған жоқ.

 

Еңбек адамының мүддесін қорғап, халықтың әл-ауқатын көтеру. Батыстың жалған құндылықтарынан бас тартып, парасатты қоғам қалыптастыру. Бұл Жамбыл Ахметбеков ұсынған бағдарламаның басты бағыттары. Үгіт жұмыстары аяқталғанмен, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі әрдайым партия назарында болмақ.

 

Ауыл өнерпаздары. Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековты қолдауға арналған өнер фестивалі дәл осылай аталады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен, оның ішінде шалғай ауылдардан шыққан өнер ұжымдары жезтаңдай әншілер мен фольклорлық топтар қатысты. Дәстүрлі ән-күйімізді заманауи музыкамен шебер ұштастырған өнерпаздар қала тұрғындарын таң қалдырып, қошеметіне бөленді. Негізі үміткердің өзі ұлттық дәстүрімізді ұлықтап, оны ешқашан ұмытпау керектігі жайында жиі айтады.

 

Төлеутай Рақымбеков, ҚР Президенттігіне үміткер:

 

Партияның орталық аппараты ұйымдастырған ауыл өнерпаздарының фестивалі. Оның өзінде байқадыңыздар, бір атақты, қазір аты шыққан сахна жұлдыздары емес, әр облыстан, әр ауылдан келген осы фестивальдің жеңімпаздары өздерінің өнерлерін көрсетті.

 

Төлеутай Рақымбековтың сайлауалды бағдарламасында жастар тәрбиесіне көңіл бөліп, отбасылық құндылықтарды сақтау жайында жазылған. Ал оның негізі осындай ұлттық нақыштағы өнер фестивалдерінде жатқаны анық. Презденттікке үміткер ауыл руханиятынан бөлек, оның инфрақұрылымын қалыптастыру, жұмыссыздықты жою және әлеуметтік жағдайды жақсарту мәселесін де жиі көтереді.

 

Әли Бектаев, Президенттікке үміткер Т. Рақымбеков Республикалық сайлауалды штабының төрағасы:

 

Партияның кандидаты өңірлердің барлығын түгел аралап шықты. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен, зауыт-фабрика жұмысшыларымен, жастармен, ардагерлермен, түрлі ұлт өкілдерімен кездесті. Өзінің сайлауалды бағдарламасын толық жеткізді деп айта аламыз.

 

Төлеутай Рақымбековтың сайлауалды штабы үгіт-насихат науқанында тынымсыз жұмыс жасап, 700-ден аса шара өткізді. Оның ішінде жастар флешмобы, түрлі фотокөрмелер, аймақтарға іссапар, жұмысшы ұжымдармен кездесу және арнайы акциялар ұйымдастырылды.

 

Президенттікке үміткер Дәния Еспаеваның сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмыстарының қорытындысын шығарды. Онымен танысуға арнайы халықаралық байқаушылар да келген. Олардың қатарында Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясының өкілдері де бар.  Байқаушылар  «Ақ жол» партиясының атынан ұсынылған тұңғыш әйел кандидаттың бағдарламасына қанық екендіктерін жеткізіп, оған сәттілік тіледі.   

 

Ырыскелді Момбеков, халықаралық байқаушы:

 

Қазақстан сайлауы тыныш өтсе, бүкіл Қазақстан мемлекеті ұтады. Таза өтсе, демократия ұтады. Қырғыздың жақсы сөзі бар, жаман әйел ерін басқарады, жақсы әйел елін басқарады деген. Еліңіз сізге жақсы дауыс берсін деп, игілік қаладым.

 

Дәния Еспаева мен оның сенімді өкілдері, «Ақ жол» партиясының белсенділері  үгіт науқаны кезінде еліміздің бірқатар облысын аралады. Ауыл тұрғындарымен, ірі кәсіпорындардың ұжымымен, қарапайым еңбеккерлермен кездесіп бағдарламаны таныстырумен қатар, халықтың талап-тілегіне қанықты.

 

Дәния Еспаева, ҚР Президенттігіне үміткер:

 

Үміткерді бір айдың ішінде таныстыру өте қиын. Осы жағынан болмаса, қалған жағынан бәрі жақсы өтті деп санаймын. Әрине, мен осы сайлаудан тек жеңіс күтемін. Үміткер болған соң, тек жеңіс күтемін. 

 

"Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашевтің айтуынша, Дәния Еспаева мықты экономист, саланы жетік біледі. Тәжірибесі де жеткілікті.

 

Азат Перуашев, ҚР Президенттігіне үміткер Д.Еспаеваның сайлауалды штабының жетекшісі:

 

Мұндай кісіге жалпы экономиканы емес, ірі істерді тапсыруға болады.  Біздің ұстанымдарымыз, ұсыныстарымыз сайлаушылар үшін түсінікті және тартымды болып отыр.  Үміткерімізге тек сәттілік тілейміз. 

 

«Ақ жол» партиясы президенттікке үміткер Дәния Еспаеваны қолдау шараларын концерттік бағдарламамен аяқтады. Елордадағы сауда ойын- сауық орталықтарының бірінде «Мен жастарға сенемін» атты эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырды.

 

Ел президенттігіне тағы бір үміткер – Әміржан Қосановтың республикалық сайлауалды штабы да үгіт-насихат кезеңін түйіндеді. Әміржан Қосановтың бас қаладағы және аймақтардағы штабтары бір айға жуық үміткердің сайлауалды бағдарламасын насихаттаумен айналысты. 5 республикалық телеарнада арнайы бейнеролик жарияланып, саяси құжаттың негізгі бағыттары 3 ірі басылымда  жарық көрді. Сондай-ақ, аудиожарнама да әзірленді. Бүгін үміткердің сенімді өкілдері осы және өзге де сайлауалды жұмыстарды қорытындылады.    

 

Дәурен Бабамұратов, Ә.Қосановтың Республикалық сайлауалды штабының жетекшісі:

 

Азғантай уақыт ішінде штабта тәп-тәуір команда жинап, көрсетілген уақыттың ішінде тәп-тәуір сайлау науқанын жүргіздік деп ойлаймын. 17 аймақтың барлығында облыстың штабтарымызды аштық. Аймақтардың жарымына жуығын аралап үлгердік.   

 

Әміржан Қосановтың аймақтарға сапары Қызылжардан басталды. Бұдан бөлек «Ұлт тағдыры» қозғалысының өкілі Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Алматы, Орал өңірлеріне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Бұл жиындарда саяси құжаттың негізгі бағыттарымен қатар қоғамды алаңдатып отырған әлеуметтік, экономикалық мәселелер де талқыланды. Ал үміткердің жолы түспеген аймақ тұрғындары кандидат ұстанымдары жайлы әлеуметтік желілерден хабар алып отырды.

 

Абзал Досым, Ә.Қосановтың Республикалық сайлауалды штабының мүшесі:

Осы уақытқа дейін не айтып келгенін әлеуметтік желіге салдық. Одан кейін біз кандидаттың сайлауалды бағдарламасын жарияладық. Ол жерде біз түйткілді мәселелер, кандидаттың айтып жүрген сөздері, халықпен кездесу барысындағы видеолардың толық версиясын ютубқа, қырқылған версиясын әлеуметтік желіге тараттық.

 

Ертең сайлау алдындағы тыныштық күні. Бір айға жуық уақыт ішінде штаб мүшелері тынбай еңбек етті. Енді олар дауыс беру нәтижесін асыға күтеді.

 

ҚР Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың  республикалық қоғамдық штабы  «Нұр-Сұлтан» қаласында салалық кәсіподақтар ұйымы арасында   спорттың бірнеше түрінен ел біріншілігін өткізді. Ал үміткердің өзі  футол ойынына қатысып, алаңда ала доп тепті. Спорттың әр түрінен өткізілген жарысқа еліміздің барлық өңіріндегі кәсіподақтың  салалық ұйымдарынан құрылған командалар жиналды. Аманкелді Таспихов штаб мүшелерінен құрылған футбол командасында шабуылшы болды.

 

Аманкелді Таспихов, ҚР Президенттігіне үміткер:

 

Кәсіподақтар ұйымдастырған жарыс. Мұнда барлық өңірлерден келген спортшылар. Кәсіподақ ұйымынан келген спортшылар. Естеріңізде болса, кеңес уақытында бұқаралық спортты негізніен сол кәсіподақ қолдайтын, кәсіподақтан шығатын. Сол дәстүрді біздер де жаңғыртамыз деген ойымыз бар.

 

Алаңда футбол өтіп жатса, енді бір жерде шахмат пен тоғызқұмалақ және волейболдан ойын қызды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар үнемі өткізіліп тұру шарт. Әсіресе ауыр  өнеркәсіп саласы жұмысшылары үшін ой сергітіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға машықтанады. Кәсіподақ ұйымы  еңбек адамдары  үшін мәдени шарларадан да тыс қалған емес. Бүгінге дейін еліміздің барлық өңірінде сайлаушылармен кездесу кезінде концерттік бағдарламалар ұйымдастырды. Ал жастар ұйымдары кәсіподақты қолдау мақсатында түрлі флешмоб және марафондар өткізді.

 

Сатыпалды Дәулеталин, ҚР Президенттігіне үміткер А.Таспиховтың республикалық қоғамдық  штабының тең жетекшісі:

 

Біздің қазіргі таңда жастар жылы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар, оның ішінде түрлі марафондар, флешмобтар, әсіресе мына жұмысқа тұрғызу, жұмысқа  орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері, оның ішінде еңбекші жұмысшы жастарды баулу, қайта білім беру  жастардың түсінігіне тап болып отыр.

 

Бір айға созылған сайлауалды үгіт-насихат кезінде үміткердің 2 мыңға жуық сенімді өкілі  жұмыс істеді. Әрбір аймақта аз дегенде 20-30  іс-шара өткізіп, кәсподақтың атқаратын қызметін түсіндіріп, Аманкелді Таспиховтың тұғырнамасын насихаттады.

 

Қазақстан Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін арнайы заң қабылдап, тіл полициясын құру туралы бастама көтерді. Оның айтуынша, егемен елдің тіліне дербестік беретін уақыт жетті.

 

Сәдібек Түгел, ҚР Президенттігіне үміткер:

 

Өз тілінде сөйлемеген заңды бұзу деп, оларды заңға тартуымыз керек. Енді осы күннен бастап біздің барлық парламентіміз, министрліктер, үкімет, барлық мемлекеттік қызметтер тек қана қазақ тілінде, мемлекеттік тілде сөйлеу керек.

 

Сондай-ақ Сәдібек Түгел шетелдердегі 5,5 млн-ға жуық қандасымызды атамекеніне көшіру үшін, арнайы бағдарлама дайындауды ұсынып отыр. Осылайша халық санын көбейту қажет дейді. Ал деміккен демографияға серпін беру мақсатында «25» бағдарламасын қабылдау туралы бастама көтерді.

 

Сәдібек Түгел, ҚР Президенттігіне үміткер:

 

Бағдарламаның аты қысқа, «25» деп аталады. Қазақтың қызы  бой жетіп, білімін алғаннан кейін 25-ке дейін тұрмысқа шығу керек. Міндетті түрде қазақтың жігітіне шығу керек. Қазақтың баласы әскерден келгеннне кейін 25-ке жасқа дейін үйлену керек.

 

Бұған дейін Сәдібек Түгел қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуын заңмен шектеуді ұсынған еді. Әрі жас отбасыларға пайызсыз тұрғын үй несиесін беру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, ар-ождан полициясын құрып,  түнгі клубтар мен тәулік бойы жұмыс істейтін букмекерлік кеңселерді жабу туралы бастама көтерді.

 

Бір айға ұласқан үгіт-насихат жұмыстары Петропавл қаласында ұйымдастырылған патриоттық флешмобпен түйінделді. Сегіз сері атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Қызылжар аспанын күмбірлеген күймен тербетті.

 

Базаргүл Үмбетова, сайлауалды штабтың баспасөз хатшысы:

 

Жас ұрпақтың тәрбиесі деген - ол маңызды мәселі. Домбыра деп айтамыз ғой нағыз қазақ. Домбырамен күйдің бір мезгілде орындалуының өзі - бұл қазақтың ұлттық құндылықтарының насихатталуындағы маңызды шара.

 

Қоғамдық рейд, экологиялық акция, автошеру, сайлаушылармен кездесулер. 30 күнде көптеген шара ұйымдастырылып, ел аумағы бойынша 17 сайлауалды штаб белсенді түрде жұмыс істеді.

Хабарламаларға жазылу