Украиндық өнертапқыштың кофе қалдығынан жасаған көзілдіріктері жаңа трендке айналды. Жоба авторы Максим Гавриленконың айтуынша, мұндай аксессуардың бірнеше артықшылығы бар. Ол – толықтай табиғи, органикалық өнім. Кофеге тән хош иісі де бар. Және 10 жылдан кейін қауіпті заттар бөлместен, топырақ пен суда өздігінен шіриді. Демек пластикке қарағанда қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Сонымен қатар иілгіштік қасиетіне байланысты сынып қалмайды. Экологиялық көзілдірік жасауды бұрыннан ойлап жүрген Гавриленко, оны бастапқыда жалбыз, ақжелкен, кардамоннан да жасапты. Дегенмен қара түсіне және пайдаланғаннан кейін қалдықтың көп қалуына байланысты кофені жөн көрген. Көзді күннен қорғайтын мұндай бұйымдарға тұтынушылар ерекше қызығушылық танытуда. Сондықтан туынды авторы болашақта оны әлемдік нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Хош иісті көзәйнектердің бағасы 70-100 доллар шамасында.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ