Ел аумағындағы демографиялық ахуал қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел аумағындағы демографиялық ахуал қандай?

26.01.2019

«Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді» дейтін қазақтың топырағында жылына қанша бөбектің дүниеге келетінін айтамыз.

Жер ғаламшарында қазір 7,6 миллиард адам өмір сүреді. Халқы ең көбі - Қытай, екінші орында Үндістан. Адам санын, олардың ішіп-жемін есептейтін сарапшылар бар, солар былай деп қорытынды жасапты. 2100 жылы Жерде 11 миллард адам жер басып жүреді екен. Оның көбісі егде жастағылар болады-мыс. Бұл болжаммен келіспеске де шараң жоқ, БҰҰ мен Вашингтон университетінің ғалымдары 2014 жылы дабыл қаққан еді. Олар әлемдегі кәрі адамдар саны бес жасқа дейінгі балалардың санынан асып түскенін айтты. Бұлай жалғаса берсе, дүниеге табиғи жолмен ұрпақ әкелу жерден жеті қоян тапқандай жаңалық ретінде қабылданар күн алыс еместігін ескертті. Қайтпек керек, «балалы үй базар» дейтін отбасылардың сәби сүюіне жағдай жасау керек. Қазақстанда күніне орта есеппен 1146 сәби дүниеге келеді деген дерек желіде желдей есіп жүр. Осы тұста шарықтаған нарықта баланы жұртқа жалтақтатпай асыраудың өзі айтарлықтай шаруа екенін ескеру керек.

«Қазақ санын көбейту керекпіз деп,
Жоғары жақ айтқанда жақ тынбайды.
Ал, оған қандай жағдай жасап жатыр,
Бұл сұрақ көңіліңді шат қылмайды.
Жаңа үйленген жастардың пәтер іздеу,
Қаладағы уақытын қатты ұрлайды.
Алайда, тапқан пәтер қожайыны,
Бауырыңда балаң болса, жақтырмайды.
Отауы болмаған соң Отанында,
Олардың жанарында от тұрмайды.
Біздерде 15 бала тапса-дағы,
Ақшасын жөргекпұлдың арттырмайды.
Сараңның садақасы секілдентіп,
Бес-он теңге бергенін нақ бұлдайды.
Ел болам десең, қазақ, есіңді жи,
Ағалар, мәңгі астыңда тақ тұрмайды.
Өйткені Шерхан атам айтып кеткен,
Намысыңды оятып нақ бұл жайлы.
Азған ұлттың ұрпағы ұсақталып, 
Аз халықтың басында бақ тұрмайды».

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу